Солтүстік Қазақстан облысында дәрігер жетіспейді
140 маманның орыны бос тұр.
Енді өңірге жұмыс істеуге барған дәрігерлерге берілетін көтерме жәрдемақы екі есе өсті. Әр маманға мемлекет есебінен 5 миллион теңге қаржылай қолдау көрсетіледі. Бірақ дәрігер бір жерде бес жыл еңбек етуі тиіс. Жергілікті билік осылайша өңірде кадр тапшылығын шешпек.
Ирина Ибраева 30 жылдық тәжірбиесі бар білікті маман. Бұрын Солтүстік Қазақстан облысында еңбек етіп, артынша Астана қаласына қоныс аударыпты. Биыл арнайы шақыртумен Аққайың аудандық ауруханасына жұмысқа орналасты. Өзі гинеколог, ал жолдасы хирург.
Ирина Ибраева, гинеколог дәрігер:
- 15 жыл бұрын дәл осы ауруханада жұмыс істеген едік. Бірақ балалардың қасында болайық деп Елордаға көштік. Қазір олар ер жетті. Сондықтан туған жерге қайта оралдық. 5 миллион теңге көтермеақы алдым. Енді жолдасыма да беріледі. Баспана мәселесі де шешілді. Қазір күніне 20-30 адамды қабылдаймын.
Ал қызылордалық Біржан Абдулла былтыр ғана қолына дипломын алған жас маманның бірі. Қарағанды қаласында еңбек жолын бастаған ол, бүгінде ауылдағы ауруханаға ауысты. Жыл басында аталған медициналық ұйымға 9 маман жетіспеген. Бүгінде мәселе толығымен шешілді.
Біржан Абдулла, реаниматолог дәрігер:
- Осында жұмысқа орналастым, осы жылдан бастап. Осында екі бөлмелі үй берді. Үй орталықтан жылытылады. От жақпаймын. Мен басында ойлайтынмын,егер ауылға барсам от жағу жағы проблема болады деп. Ондай проблема жоқ. Подьемный берді, 5 миллион теңге. Барлығы көмектеседі, коллективім өте ұжымды.
Солтүстік Қазақстан облысында дәрігер тапшылығы – өзекті мәселенің бірі. Өңірде 140 маманның орыны бос. Оны шешу үшін облысқа келетін дәрігерлерге көтермеақы екі есеге ұлғайтылды. Енді қалада қалатындарға 3,5 миллион, ал ауылды таңдаған жандарға 5 миллион теңгеге дейін қаржылай қолдау көрсетіледі.
Нұржан Тағаниязов облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- 18 қарашадан бастап күшіне енді. Бүгінгі таңда 27 дәрігеріміз алды. Тағы 30-ы қарастырылуда. Нәтиже бар, мысалы 2019, 2020, 2021 жылдармен қарайтын болсақ бізде орташа деңгеймен 50-70 дәрігер келетін. Қазіргі таңда 2022 жылы 280 дәрігер келген. 2023-те 200-ге жуық дәрігер келген.
Биыл өңірге 200-ге жуық маман келді. Жауаптылар келер жылы Ақтөбе, Түркістан, Алматы, Семей, Қарағанды қалаларындағы медициналық университеттердің түлектерімен келісім-шарт жасамақ. Қазір өңірде онколог, акушер- гинеколог, хирург, кардиолог сынды мамандарға сұраныс жоғары.
Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков