Елімізде медициналық туризм дамып келеді
Алғашқы жарты жылда елге 516 мың шетелдік турист келген екен. Бұл былтырғыдан шамамен 2 есе көп.
Медициналық туризмнің де әлеуеті артып келеді. Елге келген туристердің үш мыңы Қазақстан дәрігерлері мен шипажайларынан дертіне дауа іздеп келген.
Әлемде медициналық туризмі ілгерілеп тұрған мемлекет – Канада. Орталық Азияда – Қазақстан. Жыл сайын елімізге 3000 мейман денсаулығын түзеу мақсатында келеді. Биыл оның үлесі 8 мыңнан асуы мүмкін деген болжам бар.
Нейро және кардиохирургия, перинаталды медицина, нейрология, ортопедия, стоматология. Бұл елімізге емделуге келген туристердің жиі жүгінетін саласы.
Бұған дейін негізінен көршілеріміз келетін. Уақыт өте Германия, АҚШ, Иран, БАӘ, тіпті швейцариялықтар да бет түзей бастады.
Мамандардың айтуынша, туристерді қолжетімді баға ғана емес, біздегі заманауи технологиялар мен мамандардың біліктілігі де ынталандырады. Мәселен, жүрекке жасалатын операциялар құны АҚШ-та 100 мың доллар шамасында. Сингапурда 18-25 мың доллар аралығында. Енді біздің елдегі баға сонау Америкамен салыстырғанда 80 есе, Сингапурдан 11 есе арзан.
Кристина Кривец, медициналық туризм қауымдастығының президенті:
- Қазақстандағы медициналық туризм қауымдастығы арқылы биыл 300-ден аса турист келді. Олар тек емделу мақсатында шекара асқан. Медициналық туристердің 90 пайызы ТМД елдерінен. Жалпы жаһандағы ең ірі деректер базасына сүйенсек, біздің еліміз денсаулық сақтау ретингісінде 53 орынға тұрақтады. Тізімде 93 мемлекет бар.
Иә, туристерді емделу мақсатында елге тарту да үлкен жұмыс. Онымен қазір медициналық туризм қауымдастығы айналысады. Олардың есебінше, қызметтердің орташа құнына шаққанда елімізге жыл сайын медициналық туризмнен 100 млн доллар түсу керек. Бірақ үнемі олай бола бермейді. Бұған әсер ететін фактор аз емес.
Әлбетте медтуризмнің дамыған ортасы Астана қаласы. Мұнда ішкі туристердің қатары да артып келеді. Себебі ауыр операциялардың дені осында жасалады.
Қазір елімізде JCI стандарттары бойынша халықаралық аккредиттеуден өткен 9 клиника бар. Оның 7-еуі бас қалада. Айтпақшы, Қытаймен келісім негізінде енгізілген визасыз режим екі ел арасындағы медициналық туристердің көбеюіне ықпал етері сөзсіз.
Әділ Кәукенов, стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы:
- Қытай азаматтары үшін визасыз режим бірнеше жылдан бері жұмыс істейді. Бұл бірнеше кезеңдік процедура болды. Енді қазақстандықтар да көрші елде еркін жүре алады. Бұл Орталық Азияда ғана емес, жалпы Еуразия кеңістігіндегі жалғыз визасыз режим. Енді қос елдегі туризмге, әсіресе сауықтыру, медициналық туризмге үлкен мүмкіндіктер береді.
Әлемдік туризм агенттігінің мәліметінше, туристер өзге елдерге жоғары кәсіби медициналық көмек алу үшін, диагнозды нақтылау және жалпы жай-күйін реттеу үшін барады. Мұның экономикаға оң әсері бар.
Әдетте дамыған елдерде косметикалық хирургия, бедеулікті емдеу, кардиохирургия, ағза алмастыру, онко аурулардан айығу, тісті емдеп, көз бен шашты ауыстыру қызметі көрсетіледі. Мұның бәрі арзан қызмет санатына кірмейтіні белгілі.
Ел туризмін дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы аясында медициналық туризм басым бағыттың бірі саналады. Мұндағы талап – инфрақұрылымды реттеу, медициналық қызметтерді жетілдіру. Оның игілігін шетелдік меймандар ғана емес, қазақстандықтар да көруі керек. Бұл – анық.