Қостанай облысында қажетсіз медициналық тексерістен өтуге міндеттейді
Қостанай облысындағы медициналық мекемелерде қосымша қажетсіз дәрігерлік тексерістен өтуге міндеттейді.
Әсіресе автокөлік жүргізуге анықтама алудың әуре-сарсаңы көп. Ол үшін терапевт, окулист, отоларинголог, психиатр, невропатолог және хирургтың алдынан өту керек. Ал заң жүзінде соңғы екеуіне барып қажеті жоқ екен. Бұл бақылаушы орган тарапынан жүргізілген тексеріс барысында анықталды. Жітіқара, Сарыкөл, Ұзынкөл, Денисов аудандық ауруханаларында жұртты сабылтып, кабинет кездіру әдетке айналған. Жалпы өткен жыл ішінде өңірдегі 217 медициналық мекеме тексерілген. Нәтижесінде 35 заң бұзушылық жәйті анықталды.
Әлия Минкина ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің бас маманы:
- Соның негізінде, мысалы, Денисов аудандық ауруханасының тіркеуші қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Алдағы уақытта ондай заң бұзушылықтарға жол бермеу үшін, медициналық мекемелерде түсінік жұмыстары жүргізілді. Әр ауруханада дұрыс ақыл кеңес беретін жауапты мамандар бекітілді. Сондай-ақ дәрігерлермен семинарлар өткізілді.