Адам қартайған сайын психологиялық дертке тез ұрынады
Гарвард университетінің зерттеушілері әлем халқының жартысы 75 жасқа қарай психологиялық дертке ұшырайтынын айтып отыр. Ондай қауіп расымен бар ма? Оның алдын алу үшін не істемек керек?
29 мемлекет, 32 сауалнама, 156 мыңнан астам қатысушы. Гарвард университетінің зерттеу тобы дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшыларымен бірігіп, ауқымды зерттеу жүргізген. Мақсат – әлем халқының қазіргі психологиялық жай-күйін анықтау.
29 мемлекеттің 12-сі табыс деңгейі төмен және орташа, қалған 17-сі табысы жоғары елдердің қатарынан. Сауалнамаға қатысушылардың 54,5 пайызы әйелдер, ал 45,5 пайызы ер азаматтар. Былтыр қыркүйекте жария болған ғылыми мақаланың түйіні мынау:
Әйелдерде жиі кездесетін 3 түрлі психологиялық ауытқу бар – олар депрессия, күнделікті тіршілікте қиындық туғызатын үрей және белгілі бір қиын жағдайдан кейінгі күйзеліс. Ал еркектерге көбіне ішімдікке салыну, депрессия мен фобия тән.
Ғылыми зерттеуде 13 түрлі психологиялық дертті зерделей келе ғалымдар мынадай қорытындыға келеді.
75 жасқа қарай әлемдегі халықтың шамамен жартысында осы мақалада келтірілген 13 психикалық дерттің біреуі немесе бірнешеуі кездесуі мүмкін. Көбісі балалық шақта, жасөспірімдік немесе жастық шақта пайда болатын психологиялық дерттер. Осы ретте, психикалық күйзелісті дер кезінде анықтап, оны емдеуге бағытталған және өмірдің белгілі бір сатысында күйзеліске ұшырағандардың жүйке-жүйесіне күтім жасау қызметін ұйымдастырып, оңтайландыру маңызды.
Әйтесе де, зерттеушілер «психологиялық күйзеліс не ауытқушылықтың алғашқы белгілері ерте жаста байқалады» дейді. Ол қандай белгілер болуы мүмкін? Ата-аналардың не нәрсеге назар аударғаны жөн? Бұл сауалды қазақстандық психолог Жайнагүл Елубаеваға жолдаған едік.
Жайнагүл Елубаева, психолог:
- Баланың өз хоббиіне деген қызығушылығы жоғалып, достарымен араласуын қоюы, өзінің үйреншікті ісінен бас тартуы – бұның бәрі психологиялық күйзелістен сыр береді. Сондай-ақ өзінің не жақындарының болашағына қатысты жағымсыз ойлар мазаласа, виртуалды әлемге кіріп, компьютерлік ойындарға не әлеуметтік желіге беріліп кетсе де алаңдай бастау керек. Баланың өзіне деген көңілі толмауы және өз-өзін сынап, кез-келген жағдайға өзін кінәлі сезінуі де күйзелістің белгісі. Осыларды байқаған ата-аналар балаларға барынша қолдау көрсетіп, психолог не психотерапевт маманның кеңесіне жүгінгені абзал.
Психологтар баланың бойындағы кез-келген өзгеріске мұқият мән бергені жөн дейді. Мінез-құлқының өзгеруі, ұйқысы нашарлап, асқа тәбет тартпауы немесе керісінше шамадан тыс мөлшерде жеуі, тіпті басы ауырып, асқазан жұмысының бұзылуы да психологиялық күйзелістен хабар береді.
Қазақстанның психосоматика одағының мүшесі, отбасы психологы Кәмшат Сәдуақасованың айтуынша, көңілге кірбің түссе, ол міндетті түрде ағзада биохимиялық реакция туындатады. Одан ауру пайда болады дейді. Сондықтан, негативті ойларға ерік беріп, проблемаларды іште сақтауға болмайды. Бұған да бала кезден үйренген жөн.
Кәмшат Сәдуақасова, отбасы психологы, Қазақстан психосоматика одағының мүшесі:
- Туғаннан жеті жасқа дейінгі бала анасының аурасында болады. Ал 7 жастан 14 жасқа дейін әкесі мен анасының аурасында болады. Балада 7 жасқа дейін базалық ұғымдар қалыптасады. Сосын 14 жасқа дейін толыға береді. Егер де анасының көңіл-күйі болмаса, мазасызданса, жеті жасқа дейінгі бала да мазасыздана бастайды. Бұл жерде анасына бар жауапкершілікті ысырып қою деген сөз емес. Себебі, анасының көңіл-күйі жақсы болуы әкесіне тікелей байланысты. Бала отбасында махаббатқа, жылулыққа толып өсетін болса, ата-анасының қамқорлығын сезінетін болса, яғни агрессив, зорлық-зомбылықты барынша көрмей өссе, ол бала өзі де психологиялық қиындыққа ұшырамайды. Кейін жасөспірім болғанда кез-келген жағдайды ата-анасына айта алып, яғни ішкі ойымен бөлісе алатын болады.
Депрессия, жалғыздық сезімі, үрей. Күйзелістің қай түрі болмасын, әр адамда, өмірдің әр кезеңінде әрқалай көрініс табуы мүмкін. Бастысы – мынаны қаперде ұстаған жөн. Психологиялық тұрғыдан жетілген адам, кез келген кедергіні еңсере алады. Бұл – Анық! Аман-сау болайық.
Бақыт Топтаева, «24.KZ»