Астанада дәрігерлер көзі көрмей қалған науқастың жанарын қалпына келтірді
Астаналық дәрігерлер көзі көрмей қалған науқастың жанарын қалпына келтірді.
Күрделі операция Ұлттық нейрохирургия орталығында жүргізілді.
Ақ халаттылар инсульттен кейінгі асқынуды қалай емдеді?
«Жарық дүниені көрмегеннен артық азап жоқ». Гүлмира Байдалиева әңгімесін осылай бастады. Ол үш ай бұрын инсульт алған. Салдарынан көру қабілеті нашарлапты. Бір көзі 30 пайызға, ал екіншісі мүлдем көрмей қалған. Жағдай ушыққан соң кейіпкеріміз Талдықорғаннан Астанаға келіп, жанарын қалпына келтірудің амалын іздейді. Соңғы үміт Ұлттық нейрохирургия орталығы болды дейді.
Гүлмира Байдалиева, Талдықорған қаласының тұрғыны:
- Инсульт алған соң бірден оң көзім көрмей қалды. Сол жақ көзім бұлдырап тұрды. Содан Алматыға барып, 4 аппараттың көмегімен тексерістен өттім. Бірақ ол жақта нақты ештеңе айта алмады. Тек жағдай нашарлай береді, екінші көзің де көрмей қалады деп, шығарып салды.
Гүлжан Алдабергенова, Г. Байдалиеваның әпкесі:
- Алматыда бізді алған жоқ операцияға. Біз өте қорқып, уайымға салынып, «не істейміз? қалай болады?» деп жолдарды іздедік. Мен не үшін өмір сүремін, егер менің көзім көрмесе, деп айтқаннан кейін біз одан кейін уаымға салындық.
Елордадағы нейрохирургтар науқастың миындағы тамырлары кеңейіп кеткен дейді. Медициналық тілмен айтқанда аневризма пайда болған. Ол көздің нерв талшықтарын қысып, қос жанарына кері әсерін тигізген. Бірақ кеселдің күрделілігіне қарамастан, орталық мамандары оны операцияға алып, ем жасауға бел буды.
Ербол Махамбетов, Ұлттық нейрохирургия орталығының бөлім меңгерушісі:
- Операция 2 этапқа бөлінген. 1-операция біз терінің астынан бір тамырды алып, мидың тамырына жалғадық. 2-этаппен басты ашып трепонациямен сол үлкен анифризмамен толтырылған спиральді алып шықтық. Операциядан кейін келесі күнде, сол пациенттің көз көруі басталды. Соған біз өте қуандық.
Гүлжан Алдабергенова, Г. Байдалиева әпкесі:
- Осындай врачтар бар екен осы жерде. Соның арқасында біздің қазір екі көзімізде көріп, осындай қуаныш хабармен біз Талдықорғанға аттанайық деп жатырмыз.
Жалпы жыл сайын орталыққа осындай диагнозбен 200-ге жуық адам түседі. Бірақ мұндай күрделі жағдайда ота өте сирек жасалады дейді мамандар. Абырой болғанда 15 сағатқа созылған операция оң нәтиже берді. Білікті дәрігерлердің еңбегі ақталды. Енді кейіпкерімізді оңату кезеңі күтіп тұр.
Ғазиза Мұхамеджанова, Алина Біржанова, Серік Коңырбаев