Биоқоспаның бәрі бірдей дауа емес
Ақтауда арықтау үшін биологиялық белсенді қоспа ішкен әйел жансақтау бөлімінен бір шықты.
Абырой болғанда, дәрігерлер дереу операция жасап, өмірін сақтап қалды.
Келіншек препаратты мамандардың нұсқауынсыз қабылдаған. Әлеуметтік желіде жарнамасы жер жарған мұндай өнімдер қазір сұранысқа ие. Ал дәрігерлер оны екінің біріне ішуге болмайтынын ескертеді.
Ақтаудағы көпбейінді ауруханаға 30 жастағы әйел ессіз күйде түсті. Дәрігерлер оның жүрек соғысы тым баяулап кеткенін байқаған. Анасының айтуынша, қызы тез арықтау үшін биологиялық белсенді қоспа ішкен. Кейін жағдайы күрт нашарлап кетіпті. Ақхалаттылар оған операция жасап, жасанды тыныс алу аппаратына қосқан. Уланған келіншек ұзақ уақыт жансақтау бөлімінде жатты. Қазір жағдайы оңалып келеді.
Әбунасыр Суханов, облыстық көпбейінді аурухананың дәрігері:
- "Молекула" деген дәріні ішкенін байқадық. Біз бұл дәріні экспертизаға жіберіп, дәрінің құрамында "сибутрамин" деген зиянды зат бар екенін анықтадық. Бұл "сибутрамин" деген зат жүрек-қан тамыр жүйесіне кері әсерін тигізеді екен. Яғни жүректің әлсіздігіне әкеледі екен.
Биологиялық белсенді қоспалар өсімдік пен жануарлар ұлпасынан, минералды шикізаттан жасалады. Ол түрлі аурулардың алдын алуға және емдеуге қолданылады. Алайда бәріне бірдей дауа деу қиын. Әлеуметтік желілерде мұндай өнімнің жарнамасынан көз сүрінеді. Соның ішінде дәл ақтаулық әйел уланған тауар түрін сатушылар саудасын әлі емін-еркін жүргізіп отыр. Олар тұтынушылардан дәрігердің нұсқауын талап етпейді.
Жансұлу, сатушы:
- Мысалы, бір қорапта 40 капсула болады. Сол 40 капсула сізге 20 күнге жетеді. Өзім консультация беремін, өзім до конца алып барамын. Малекуланың бағасы 10 мың теңгеден. Сертификатталған. Сертификатын сізге жіберемін.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде 1735 биологиялық белсенді қоспа түрі тіркелген. Тауар арнайы бекітілген орындарда ғана сатылуы тиіс. Былтыр жүргізілген мониторинг нәтижесінде интернет ресурстарындағы 4 мыңға жуық парақшада мұндай өнімдер заңсыз жарнамаланғаны анықталған.
Әйгерім Жетілгенова, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы:
- Осы профильдерді бұғаттау үшін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне хаттар жолданды. Қазіргі кезде 23 интернет-профильді бұғаттадық. Тек дәрігердің рұқсатын алу керек. Сонымен қатар ББҚ-ды бөлшек сату дәріханаларда, дәріханалық пунктерде және мамандандырылған дүкендерде, сауда желілерінде жүзеге асырылады және мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің бар-жоғын білу керек.
Кейбір биологиялық белсенді қоспалардың құрамында "сибутрамин" болуы мүмкін. Ал ол дәрілік зат ретінде қарастырылады. Ақтауда уланған әйел дәл сондай өнімді қолданғанын ескерсек, мұндай тауарлардан келер қауіп көп екені байқалады. Сондықтан кез келген препаратты қолданар алдында дәрігердің көмегіне жүгіну қажет, дейді мамандар.
Еркебұлан Смадияров, Ырыстанбек Оспанов