Еліміздегі 1939 жылғы аурухана осы кезге дейін жұмыс істеп тұр
Ел шығысында іргесі сонау 1939 жылы қаланған аурухана бар.
Апатты деп танылған көне ғимарат әлі де елу мыңдай тұрғынға қызмет көрсетіп келеді. Ал емдеу мекемесінің жаңа ғимаратқа қашан көшетіні белгісіз. Көп салалы медициналық орталықтың құрылысы үш жылдан бері қаржы тапшылығынан тоқтап тұр.
Арухана дәрігерлері стационарда орын жетпеген соң емделушілерге өз кабинеттерін босатып берген. Науқастар тар жерде емделіп жатыр. Қалыпты жағдайда бір науқасқа 7 шаршы метр жер керек. Бұл талаптар өрескел бұзылған.
- Мен палаталардың кең болғанын қалаймын, өйткені травматология, жеке кереуеттер болғаны жақсы. Операция жасалғаннан кейін жатып, өзін тыныш сезінгісі келеді.
Көне ғимараттың терезелерінен жел гулейді. Аязды күндері азынап кетпес үшін терезелерін полиэтиленмен қаптап, көрпемен қымтап қойыпты.
Риддерге заманауи аурухана керек. Бұл мәселе ұзақ жыл бойы шешімін таппай келеді. 2021 жылы көп салалы медициналық орталықтың құрылысы басталды. Емхана, стационар бәрі бір жерде орналасады.
Гүлнәр Кітапбаева, Риддер қалалық ауруханасы МКК бас дәрігері:
- Біз жаңа медициналық орталықты тағатсыздана күтіп жүрміз. Жағдайымыз осы. Тар жерде күн кешіп жатырмыз. Әсіресе науқастарға қиын.
Бұл құрылысы сағызша созылған Риддердегі көп салалы медициналық орталық. Емхананың ғимараты салынып біткен. Ал стационардың құрылысы басталмапты. Маңызды жобаға облыстық бюджеттен 3 миллиард, республикадан 2 миллиард теңге инвестиция құйылған. Жобаның жалпы құны барлық түзетулерді қоса алғанда 30 миллиард теңгеге жуықтайды. Құрылыс компаниясы жақында тапсырыс беруші, яғни Денсаулық сақтау министрлігінен 2 миллиард теңгенің траншын күтіп отыр. Көп ұзамай қосымша 1,8 миллиард теңге түседі деген жоспар бар.
Дидар Кеңесбаев, "ШҚО Құрылыс, энергетика және ТКШ басқармасы" ММ басшысы:
- Осы нысанды биыл 100 процент қаржыландыру туралы мәселе қаралып жатыр. Өйткені оның әлеуметтік маңызы өте жоғары. Бюджеттік заңнама бойынша облыстық бюджет 10 процентін қосымша қаржыландыруы тиіс болатын. Бүгінде облыс өзінің қаржыландыру үлесін орындады.
Ендігі мәселе Денсаулық сақтау министрлігіне келіп тіреледі. Елімізде медициналық мекемелерді жаңартуға жыл сайын мол қаражат бөлінеді. Мәселен, 2023 жылы өңірлерде 90 жаңа денсаулық сақтау нысаны салынып, төрт көпсалалы орталық аурухана толық қалпына келтірілген. Ендеше Риддердегі орталыққа да қажетті қаржы бөлініп, құрылыстың тезірек аяқталғанынан ел үміт етеді.
Қарлығаш Қасиетова, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин