Балаларға арналып жарнамаланған азық-түліктің басым бөлігіне ДДСҰ тыйым салған

Елімізде балаларға арналып жарнамаланған азық-түліктің 72 пайызы Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы тыйым салған өнімдерге жатады.

Бүгін сенатта Бибігүл Жексенбай осылай деп, Премьер-министрге депутаттық сауал жолдады. Сенатордың айтуынша, соңғы кездері шығу тегі белгісіз тағамдар қаптап кеткен. Мұндай тауарлар елге тонналап әкелінеді. Депутат Әлихан Смайыловтан зиянды өнімдердерді сатуға тыйым салуды, стандарттау және сертификаттау қызметін қатаң бақылауға алуды сұрады.

Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Еліміздің арнайы заңдарына сәйкес, әр өнімде қазақ немесе орыс тілдерінде шығарушы туралы, құрамы, пайдалану мерзімі туралы ақпарат болуы тиіс. Алайда дүкен мен базарларда саудаланатын бағасы арзан, көздің жауын алатын зиянды тағамдар бойынша осы талаптардың орындалуына бақылау бар ма? Зиянды тағамдардың жарнамасы жайлы айтпау мүмкін емес. Өйткені бүгінде жұрт, әсіресе балалар қанты мол, тұзды, майлы, химиялық қоспаның мөлшері көп өнімдер жарнамаларының еріксіз көрермені болып отырғаны жасырын емес.