Ақтөбеде иппотерапия курсына келушілер көбейген

Ақтөбеде тірек-қимыл аппараты және сал ауруына шалдыққан балаларды атқа мінгізіп емдеудің қызығушылығы зор.

Қаладағы жалғыз спорт мектебіне келетіндер саны 300 адамнан асып кеткен. Сол себепті қосымша мамандар, арнайы үйретілген жылқылар қажет.

Бауыржан Қожин 11 жастағы ұлын иппотерапия курсына әкеліп жүр. Денсаулығын түзету үшін аптасына бірнеше рет әкеледі. Баласына 8 жыл бұрын аутизм диагнозы қойылған. Содан бері ата-ананың ем іздеп бармаған жері жоқ. Бірақ атқа мінгелі ұлының бойынан оң өзгеріс байқаған.

Бауыржан Қожин, қала тұрғыны:

- Аттың үстінде жүргеннен кейін өзін шамалы тепе-теңдік ұстайды ғой. Содан кейін қорқыныштан айырылады. Өзін өзі шамалы успокаевать етеді. Аттың пайдасы көп.

Мұнда тірек-қимыл және сал ауруына шалдыққан 300-ден астам бала келіп жүр. Әрқайсысының белгіленген күні, уақыты бар. Осы қызмет түрі тегін болғалы иппотерапияға мұқтаж жандардың қатары артқан. Әрі Ақтөбе емнің бұл түрін бюджеттен қаржыландыратын елдегі жалғыз қала.

Мәди Бимурзин, облыстық ұлттық спорт түрлері мектебінің әдіскері:

- Жылқы арқылы балаларын мысалы шамалы болса да емдеп, көмектескісі келеді ата-аналар өздеріне. Бұл және аз да болса да результатын беріп жатыр. мысалы аутизм, жасы 3-тен кетті, 4-тен кетті бала сөйлемейді. Соның бәріне мына жылқының көмегі. балаларды отырғызып қана қоймаймыз, арнаулы жаттығулардың түрі бар. Жатқызу, көлденең жатқызу, ішпен жатқызу. Осыны арнайы білетін тренерлеріміз бар, солар өткізеді өздері.

Дегенмен, бұл ұйымға да қазір қолдау керек. Емделуші балалар саны артқандықтан қосымша 4 жаттықтырушы мен бірнеше жылқының қажеттілігі бар.

Владимир Сажин, аға жаттықтырушы:

- 5 мыңдай бала иппотерапия курстарына мұқтаж. Бірақ келушілердің әрқайсысына уақыт белгіленгендіктен барлығын қамту мүмкін емес. Себебі бізде 7 қызметкер бар. Ол өте аз. Сол себепті білікті мамандарға зәруміз.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бұл мәселені мәслихаттың кезекті сессиясында көтеріп, шешу жолдарын қарастырады.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев