Білікті акушер ауыр күйде түскен талай әйелді аман босандырып жүр

Перзентхананың тірі бренді.

Түркістан облысы Сайрам аудандық орталық ауруханасының акушер-гинекологы Кенжебек Байғондиевті жергілікті жұрт осылай атайды. Білікті дәрігер ауруханаға қиын жағдайда түскен талай әйелді аман-есен босандырып алған. 

Кенжебек Байғондиев перзентханаға түскен әрбір әйелге ерекше ықыласпен қарайды. Толғақ қысып, босанайын деп жатқандарына жылы сөзімен күш-жігер береді. Өзіне деген сенімділігін арттырады. Нәтижесінде көптеген әйелдер қорқынышын жеңіп, жеңіл босанып жататынын айтады. Білікті дәрігер «бұл білім мен тәжірибенің жемісі» дейді. Себебі ол бұл ауруханада 35 жылдан бері еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында мыңдаған ананы аман-есен босандырып алған.

Кенжебек Байғондиев, аудандық орталық аурухананың акушер-гинекологы:

- Одан бері мінекей 15 мыңдай ұл, 15 мыңдай қыздың кіндігін кесіп, «кіндік ата» атанып жатырмын. Сол кездегі қабылдаған нәрестелеріміз қазір өздері ата-ана болып, осында бөпелі болуға келіп жатады. Алғысын айтып, ыстық ықыласын білдіріп жатыр. Жыл сайын 4 мыңдай әйел босанып, үйлеріне оралуда. Соның ішінде 600-700 әйел кесір тілігімен босанады. Басқа көрші ауданның әйелдері келіп, босануға өтініш жасап жатады.

Кенжебек Байғондиев босандырған әйелдер келесі босанатын кезде де оны перзентханаға өздері іздеп келіп жатады. Себебі қолы жеңіл, тәжірибесі мол дәрігердің біліктілігіне сенеді. 

Гүлмира Тойханова, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:

- Бұл ағайым менің екінші перзентімді өзі тудырып, кіндіктерін кескен. Қолы жеңіл, енді міне тағы келіп отырмын бесінші перзентімде. Оны да босандырып қарап жатыр. Мың рақмет сізге, ағай! Ешқашан аурымаңыз.

Ауруханадағы дәрігерлердің бәрі өздерін Кенжебек Құдайқұлұлының шәкірттеріміз деп есептейді. Себебі жас маман болып кезде барлығын қанатының астына алып, білгенімен бөліскен. 

Болсынай Сералиева, акушер-гинеколог:

- Осы перзентханада жұмыс істегелі сол кісінің шәкіртіміз. Алғашқы операция жасауды, босану кезіндегі асқынуларды болдырмауды бәрін осы кісіден үйрендік. 20 жылдан бері бізді жетектеп жүреді қоластында.

Білікті дәрігер қазір жас аналардың бойындағы бала салмағының өсіп кетуі жиі кездесетінін айтады. Оған себеп әйелдердің ақ ұннан жасалған тәтті тағамдар мен газды сусындарды көп тұтынуы. Қимыл-қозғалыстың жоқтығы дейді. 

Кенжебек Байғондиев, аудандық орталық аурухананың акушер-гинекологы:

- Соңғы кезде әйелдерде симфизиопатия, люмбалгия деген жамбас сүйектерінің буындарының босауы көптеп кездесуде. Бұрын өте аз болатын. Өйткені газды сусындарды ішкенде сүйек құрамындағы кальций тұзды шайып, зәрмен сыртқа бөлу көбеюде. Сол себептен операцияға түсіп қалып жатқан жағдай көп. Газды суды аз қабылдауға, табиғи таза сусындарды ішуге кеңес береміз. 

Тәжірибелі акушер-гинеколог биыл 63 жасқа толып, зейнетке шығады. Көп жылғы бейнетінің зейнетін көрмек. Алайда аудан халқы ақ халатты абзал жанның әлі де жұмыс істей беруін қалайды.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов