Жылжымалы дәріхана: Ақмола облысында ауылдықтарға тегін дәрі-дәрмек жеткізіледі
Жылжымалы дәріхана. Осындай атаумен Ақмола облысында жаңа жоба бастау алды, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл бастама аясында 3 мыңға жуық ауыл тұрғыны тегін дәрі-дәрмекпен қамтылады. Яғни, арнайы көлік бекітілген кесте бойынша ауыл-ауылды аралап, науқастардың үйіне қажетті дәрілерін жеткізеді.
Зейнеткер Мәрия Темірболатова дәрігерлердің көмегіне жиі жүгінеді. Ал қажетті дәрі-дәрмегін алу үшін қалаға баруға мәжбүр еді. Қазір бұл мәселе шешілді. Себебі зейнеткердің дәрілерін жылжымалы дәріхана тегін жеткізіп береді.
Мәрия Темірболатова, Дөңгілағаш ауылының тұрғыны:
- Бұрын машина іздейтінбіз. Қалаға баратынбыз. Бір күніміз кететін барып-қайтуымызға. Ал енді үйге әкеліп беріп жатқандарына көптен-көп ризамыз.
Қазір мобильді дәріхана 10-ға жуық ауылға қатынайды. Әсіресе қалаға шалғай орналасқан елді мекендерге жетуге аса мән берілген. Негізінен дәрілер бірінші кезекте диспансерлік есепте тұрған науқастарға үлестіріледі.
Гүлнәр Шәріпова, Сәкен Сейфуллин ауылының тұрғыны:
- Ауылдан шығуымыз қиын. Жол болмай қалатын. Енді мынадай заманда үйге әкеліп беріп жатыр. Көп-көп рақмет айтамыз.
Жергілікті билік өкілдері тың жобаны облыстың басқа да аудандарында жүзеге асыруды көздеп отыр. Мәселен, жақын арада Бурабай, Сандықтау және Зеренді аудандарының тұрғындары үйлерінен шықпай-ақ тегін дәрімен қамтылады.
Серік Сахиев, алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының директоры:
- Қазір біз өзіміздің науқастарға ғана емес, сол ауылдағы басқа емханаға тіркелген адамдарға көмек қолын созу үшін жаңа жоба әзірлеп жатырмыз. Ол үшін ақпаратты жүйені біріктіру маңызды. Науқастардың логиндері мен парольдерін де алу керек. Осы арқылы біздің дәрігерлер оларға қажетті дәрі-дәрмектерді жазып береді.
Қазір өңірдегі ауылдарда 90-ға жуық дәріхана бар. Ал 2025 жылдың соңына дейін тағы 40 фармацевтикалық орталық салу жоспарланған. «Бұл халықтың қажетті дәрі-дәрмекпен қамтылуын жеңілдете түсері сөзсіз», – дейді мамандар.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный.