МӘМС жарнасын төлеуде өзгеріс болады
Елімізде МӘМС жарнасын төлеуде өзгеріс болады.
Яғни бұдан былай қазақстандықтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды әділдік қағидаты бойынша төлейді. Бұл туралы Мәжілістегі медицина саласын талқылауға арналған жиында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді. Министрдің айтуынша, соңғы кезде көпшіліктің сынына ұшыраған жүйеде біраз өзгеріс болғалы тұр. Табысы төмен адаммен ауқатты азаматтарға жеке төлем қарастырылмақ. Сонымен қатар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудан тыс тегін тексерілу мүмкіндігі қарастырылады.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жарналарды төлеуде әділдікке қол жеткізу мақсатында салық төлеушілердің барлық топтары тиімді мөлшерлеме бойынша жарналарды төлейтін нақты шкалаға көшу ұсынылып отыр. Атап айтқанда, табысы төмен адамдар ауқатты азаматтардан артық төлемеуі керек.
Сондай-ақ ведомство басшысы дәрілік және медициналық заттарды тиімсіз пайдалану фактілері анықталып жатқанын айтты. Мәселен, жыл сайын 450 млн теңгеге жуық дәрілік әрі медициналық заттар пайдаланылмай жойылады екен. Бұл тек 24 медициналық ұйымға жасалған талдау нәтижесінде белгілі болған. Осылайша кредиторлық берешегі ең көп 24 медициналық ұйым бойынша дәрілік әрі медициналық заттар 5,5 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 1,3 млрд теңгеге дәрілік және медициналық заттар алынғанымен, пайдаланылмаған.