Өскеменде бас сүйекке имплант орнату операциясынан шеберлік сағаты өтті
Өскемендегі «Ана мен бала» орталығында бас сүйекке кохлеарлы имплант орнату операциясынан шеберлік сағаты өтті.
Мәскеуден келген профессор жергілікті хирургтерге күрделі медициналық технологияның қыр-сырын көрсетті.
Операцияның бұл түрі Алматы мен Астана қалаларында сәтті жасалып жүр. Енді бұл әдісті шалғай өңірдегі білікті мамандар да игеріп жатыр. Қазір облыста құлағында мүкісі бар 500-ге жуық бала тіркеуде тұр.
Жоғары технологиялы операциядан шыққандардың бірі Расул Ануарбек. Туғаннан бері нашар еститін жеткіншек енді айналасындағы әр дыбысты анық естіп отыр. Дәл қазір бала үшін де, ана үшін де бұдан асқан бақыт жоқ.
Расул Әнуарбек, емделуші:
- Құлағымда қазір неше түрлі мақта бинт тұр ғой спокойно естіп тұрмын. Алдында жай ғана битіп жатқанның өзінде ештеме естілмейтін.
Мақпал Тұрғынова, Расулдың анасы:
- Қатты қуаныштымыз, рахмет айтамыз, врачтарға үлкен алғысымыз шексіз осылай ұлымды, енді былай қарасаңыз, құлақ деген енді керек нәрсе ғой орган,адамға. Ұлымды бұндай бақытты сәтке әкеліп жеткізген врачтарға көп рахмет айтамын, алғысым шексіз.
Кохлеарлы имплантты бас сүйек ішіне орналастыру толықтай Мәскеулік хирург, атақты профессор Хасан Диабдың жетекшілігімен өтті.
Хасан Диаб, медицина ғылымдарының докторы /РФ/:
- Биыл 30 квота бөлінді.Ол операцияның бәрі осы орталықта жасалады.Бұл жерде барлық мүмкіндік бар. Хирургтер осылай тәжірибе шыңдап,үйренуден жалықпаса, оларға ары қарай өз бетімен жасау жеңіл болады.
Өскемендік дәрігерлер де дәріс барысын қалт жібермей қадағалады. Мұндай 15 операция жасалады. Мамандардың айтуынша, бұл технология есту қабілетін қалыптастырып қана қоймай,сөйлеуге бейімдейді.Осыған орай облыста кохлеарлы импланты бар балаларға арналған қазақша, орысша логопедиялық методика дайындалды. Тіпті ол ұялы телефонға қосымша ретінде жүктелген. Дыбысты ажыратып,сөйлем құрауға үйретеді.
Мадина Әуренова, оңалту орталығының жетекшісі:
- Осы күнге дейін біз шет елдік құрал жабдықтарды қолданатын болсақ, бүгінгі күні біздің балаларға бейімделген біздің ата аналарға бейімделген біздің балалардың күнделікті өмірінде қолданатын сөздері мен танитын заттарының жинақталған әдістемелік нұсқауларды бүгінгі күні ұсына аламыз.
Кохлеарлы импланты бар балаларға бұл логопедиялық нұсқаулар жақсы әсер етуде. Екі ай ішінде сөйлеуді меңгергендері де бар. Сондықтан салалық министрлік бастаманы қолдап,100 миллион теңге грант бөлді.Енді бұл әдіс коррекциялық мектептерге енгізілуі мүмкін.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов