Өскемендегі тобанаяқ жедел жәрдем
Өскеменде жұрттың жедел жәрдем қызметіне көңілі толмайды. Медициналық бригада уақытылы келмейді - дейді тұрғындар.
Кейде тіпті сағаттап күтуге мәжбүр. Қоғам белсенділері шаһар үлкейіп келеді, сондықтан ықшам аудандарда жеке станция ашу керек деп санайды. Себебі қазір қаланың бір шетінен екінші шетіне жету үшін 40-50 шақырым жол жүруге тура келеді.
Бір қараған адамға мына алаң автокөлік бөлшектерін жинайтын жерге ұқсайды. Алайда бұл "өңірлік жедел жәрдем станциясының" ауласы. Осыдан 4 жыл бұрын аталған мекемеге 47 жаңа транспорт алыныпты. Қазір соның біршамасының тозығы жетіп тұр. Адам таситындай шамасы жоқ. Ольга Клостер станция маңайында тұрады. Алайда баласына жедел жәрдем шақыртқан кезде өзімді шалғай ауданда тұратын адамдай сезіндім дейді.
Ольга Клостер, қала тұрғыны:
- Станцияға жақын тұрамын. Алайда жедел жәрдем шақыртсақ өте ұзақ күтеміз. Ауырып тұрған баланы сыртқа шығарған да қиын.Соған қарамастан «балаңызды өзіңіз алып келе салыңыз» деген кездері де болды.
Медициналық қызметкерлер жанын салғанмен, техниканың аты техника. Бригада күніне 200 шақырым жүріп тастайтын кез де болады. Қала аумағы жыл санап ұлғайып келеді. Ал станция да, жедел жәрдем көлігінің саны да сол күйі өзгермеген.
Салалық басқарма арнайы көлік мәселесін шешудің оңтайлы жолын қарастырып жатырмыз дейді. Алдағы уақытта халық көп қоныстанған шеткері ықшам ауданда қосымша станция салынуы мүмкін.
Ержан Мейірбаев, ШҚО "Жедел медициналық көмек станциясы" ҚМК бас дәрігері:
- Мысалы таңнан бері желіге 22 көлік шықты. Кешке жақын бригада саны артады. Болашақта Меновное ауданында станция ашуды көздеп отырмыз.
Сонымен қатар санитарлық авиация техникасын жаңарту да жоспарланыпты. Таулы, қыратты, ирелең жолы көп өлке үшін оның да маңызы зор дейді мамандар. Ал мына сынып тұрған жедел жәрдем көліктері тек жол апатынан келген шығын өтелген соң ғана, қайта жөнделеді.
Эльмира Ахметова. Дмитрий Пыхтин, «24.KZ», Өскемен.