Невропатолог: Көбінде ата-ана баласының аутизмі барына сенбейді
Бүгін – Дүниежүзілік аутизм туралы ақпаратты тарату күні. Аутизм – әлем бойынша әлі толық зерттелмеген ауру.
Бұл – баланың психикалық дамуының бұзылуы. Аутизм дертіне шалдыққан балалардың бірінің тілі кеш шықса, енді бірі эмоциясын білдіре алмайды. Әрқайсының өз ерекшелігі бар.
Аутизммен күресіп жүрген жанның бірі – Гүлнұр Байғабылова. Ол баласының бойынан бұл дертті 1 жастан асқан кезде байқаған. Атын атап шақырғанда мән бермей, гиперактивті болған. Ем алып жүргеніне 2 жыл. Нәтиже жақсы дейді.
Гүлнұр Байғабылова, Әділ Кеңесбаевтың анасы:
- Екі жылдан асып кетті емделіп жүргенімізге. Осыдан бастап көзге жақсы қарайтын болды. Қолымен сұрайтын болды. Бұрынғыға қарағанда ем-шаралар жақсы нәтиже бере бастады. Бірақ 2 жыл бойы біз диетадамыз. Глютенсіз, газелинсіз, көмірсусыз тамақ жейміз. Соның да көмегі болды. Бұрынғыдай емес, әрине. Бұрын гиперактивный болатын, бір орында отырмайтын. Жүгіре беретін. Ешқайда шыға алмайтынбыз. Дәл қазіргідей жайбарақат отырмайтын.
Ал бұл дертті емдеуде тек маманға жүгінумен шектелмеу қажет. Аутист баланың бүкіл отбасы күнделікті өмірде онымен қалай қарым-қатынас құрып, қалай сөйлесу қажеттігін білу керек. Сонда ғана оңалту ісінде жақсы нәтиже болады дейді мамандар.
Камила Сапар, дефектолог:
- Бізде сабаққа ата-аналар міндетті түрде қатысады. Біз көбіміз АВА терапиясы бойынша жұмыс істейміз. АВА терапиясы бұл – қолданбалы мінез құлықты зерттеу. Аутистік спектрі бар балалармен жұмыс істеудегі дәлелденген әдістеме. Сондай-ақ АВА терапия қолданбалы мінез-құлықты зерттейді және сол мінез-құлықты жағымды жаққа, жақсы жаққа, әлеуметтік қолайлы жаққа өзгерту үшін негізгі принциптерді қолданатын әдістеме.
Аутист бала тәртіпсіз, әрі тұйық болуы мүмкін. Алайда диагноз қаншалықты ерте анықталса, соғұрлым дертті жеңудің мүмкіндігі көп. Нәтижесінде бала ортаға қосылып, мінез-құлқына, іс-әрекетіне қатысты қиындықтардан құтылады, дейді дәрігер Әдемі Демеуова.
Әдемі Демеуова, балалар невропатологы:
- Көбінде ата-аналар жүріп қалады. Көбісіне ата-аналар сенбейді. Педагогикалық мамандар, дефектолог мамандары және көптеген шарасы бар. Өзінің аутизмге қарай эпиетерапиясы дейміз, бар баланы ертерек апарса, ертерек бастаса баланы орнына әкелуге болады.
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша елдегі әр төртінші бала осы сырқатқа шалдыққан. Мұндай балалар қоғамның қолдауына мұқтаж. Сондықтан ерекше балаларға дер кезінде назар аударып, әлеуметтік қолдау көрсету қажет.
Зарина Кәп, Ырыстанбек Оспанов, 24.KZ.