Алматыда APLAR-2024 симпозиумы өтіп жатыр
Елімізде 400 мыңнан астам адам ревматикалық аурулармен ауырады, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл дертке шалдыққандардың саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 9%-ке артқан. Осыған орай Асфендияров атындағы медицина университетінің жанынан ревматология ұлттық ғылыми орталығы ашылады. Бұл туралы Орталық Aзия және Тынық мұхит аймағы елдерінің ревматология қауымдастығының симпозиумында айтылды. Халықаралық шара Қазақстан ревматологтарының конгресімен бірге өтіп жатыр.
Буын ауруларының бірнеше себебі бар. Инфекция, тұқым қуалау, тіпті күйзеліске түсу де ревматикалық ауруға әкелуі мүмкін. Оған кейінгі кезде жастар көп шалдыға бастаған. Бұл жайт дәрігерлерді алаңдатып отыр. Осыған байланысты ревматологиялық орталық ашу туралы шешім қабылданды. Онда ғылыми жобалар мен емдеудің жаңа әдіс-тәсілдері зерттеледі.
Ғалымжан Тоғызбаев, Қазақ ревматологтар алқасының төрағасы:
- Осыған орай мынау Денсаулық сақтау министрлігімен осы жұмысты жүргізіп жатырмыз. Енді біз осы 1 жылдың ішінде ашсақ па деген ниетіміз бар. Заманауи мынау емдейтін, жоғары мынау технологиялар бар бізде. Мысалы, бүгін мен ревматоидты артрит жөнінде баяндадым. Бізде әлемнен кем емес, көптеген дәрілер мемлекет тарапынан тегін беріледі халыққа. Бірақ бұл дегенмен мақтанатын жайт емес енді. Әлде де біз көбейтіп, соңғы-соңғы нәрселерді біз кіргізуіміз керек.
Дұрыс диагноз қойып, дер кезінде емдеу үшін жалпы тәжірибелік дәрігерлердің кәсіби біліктілігін көтеру керек. Яғни, уақытты тиімді пайдаланған жөн, – дейді сала мамандары. Симпозиумда сарапшылар ревматоидты артрит, спондилоартрит, васкулит, остеопороз, микрокристалды артрит сияқты ауруларды емдеу жолдарын талқылады.
Айта кетейік, Орталық Азия және Тынық мұхит аймағы елдерінің ревматология қауымдастығына 35 мемлекет кіреді. Мұндай шара елімізде алғаш рет өтіп отыр.
Кунихиро Ямаока, ревматолог, профессор:
- Қазақстандық әріптестерімнің де жетістіктері айтарлықтай. Осы шарада біраз ақпаратқа қанықтық. Білгенімізді бөлісіп, жаңадан шығып жатқан емдеу әдістерін, дәрі-дәрмектер туралы ойларымызды ортаға салдық. Біз Жапонияда глюкокортикоидтарды қолданбауға тырысамыз. Оның орнына қарсы көрсетілім болмас үшін жақпамайлар мен биологиялық преапараттар береміз.
Бізде де ревматикалық ауруларды емдеуде биологиялық препараттарға басымдық береді. Гендік-инженерлік терапия қолданылады. Инновациялық тәсіл ауруды бақылауға, ремиссияға қол жеткізуге, өмір сүру сапасы мен ұзақтығын арттыруға мүмкіндік береді. Дегенмен елімізде ревматологтар жетіспейді. 2010 жылы 78 маман болған. Биыл әупірімдеп 281-ге жетіпті. Қазір осы саладағы маман тапшылығы – 40%.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов.