Синтетикалық есірткінің қолжетімді болуы мәселені қиындатып тұр
Енді жасырын зертхана ашып, есірткі өндіргендер өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бүгін мәжіліс тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат психотроптық заттардың заңсыз өндірісін қылмыстың аса қауіпті түрімен теңестіреді. Соңғы жылдары елде қылмыстың бұл түрі белең алған. Бір ғана мысал, 2019 жылы 3 есірткі зертханасы табылса, былтыр 81 жасырын лобаратория анықталды. Сол үшін депутаттар жауапкершілікті күшейтіп, заңсыз әрекетті тоқтатуды жоспарлап отыр.
Синтетикалық есірткі әзірлеп, оны сату оңай болып тұр. Қара нарықта оның сан түрі бар. Делдалдар бірізді әдіспен әрекет етеді. Депутат Снежанна Имашева есірткі өндірушілер «синтетиканы» өнеркәсіптік ауқымда жасауға көшкенін айтты. Оларға қажетті жабдықтар мен химикаттарды алу еш қиындық тудырмайды. Есірткімен күресті ең алдымен, дәл осы жабдықтарды заңсыз жеткізушілердің жолын кесімен бастау керек.
Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ең негізгі тиімді шара қазір осы. Бірақта, қолданыстағы заңнамада олардың контрабандасы үшін ғана жауапкершілік белгіленгенде, ал прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілік қарастырылмаған. Сондықтан күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы, олармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны, сондай-ақ оларды ұрлағаны үшін қылмыстық жауаптылықты енгізу ұсынылады осы жобамен. Сонымен қатар прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттарды дайындауға немесе өңдеуге арналған құралдар мен жабдықтардың заңсыз айналымы да қылмыстық жазаға тартылуы керек.
«Тропикамид», «азот тотығы», «сомнол» секілді медициналық препараттарға сұраныс артқан. Бұл заттарды нашақорлар есірткінің әсерін күшейту үшін пайдаланады. Жасырын зертханалар да күн санап өсуде. 2019 жылы – 3 лаборатория анықталса, былтыр 81 зертхана жойылды. Жыл басынан бері тағы 31-і жабылды. Екі тоннаға жуық есірткі, оның ішінде 457 келі синтетикалық есірткі тәркіленді.
Айдос Рысбаев, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
- Былтыр сәуір айында "трамадол" деген дәрі бар ғой соны есірткі тізіміне кіргіздік. Анализ бойынша трамадол айналымы 90%-ға түсіп қалды. Мынау қалған дәрілерді жаңағы тізімге кіргізетін болсақ, аптекалар заң бұзушылықтан қорқып қазір сатпайтын болады деп ойлаймыз. Қылмыстық жазаға тартылатын болса онда бізге жұмыс істеу, жол бермеу оңай болады.
Бұған дейін қара нарықтағы “закладчиктерге” жазаны жеңілдету туралы ұсыныс айтылған болатын. Бірақ, заң жобасында мұны қолдайтын ешқандай норма жоқ. Синтетикалық есірткіні көшеде сатушылармен қатар, кюар-код арқылы өткізу жолдары көбейіп барады. Тіпті, қала көшелерінің әр жерінен сондай белгілерді байқауға болады.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ірі бір облыс орталығындағы көшенің аттары жазылатын кюар-кодты басқан кезде осындай таралатын адрестер байқалған. күні кеше әлеуметтік желіде айтылып жатыр астана қаласы оқушылар сарайының есігіне осындай кюар-код ілінген оны ашып қараса есірткі таратудың адрестері көрсетілген. Екіншіден, осыдан 2 апта бұрын үлкен авиакомпанияның пилоты есірткі қолданғаны анықталды. бұл адамның денсаулығы мен өміріне тікелей байланысты. Қандай нақты норма қарастырып отырсыздар?
Айдос Рысбаев, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
- Бізде полиция қызметкерлері кибернадзор арқылы 1356 сайтты жапты. Бұл жұмыс күнделікті бақылауда тұр, атқарылып жатыр. интертнет сатушылар орнында тұрған жоқ, түрлі әдісін тауып кіріп жатыр. Екінші сұрақ бойынша, пилот бойынша қылмыстық іс қозғалған. ол іс бойынша тергеу біткеннен кейін ақпарат береміз.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша қазір 18 мыңнан астам нашақор есепте тұр. Депутаттардың пайымдауынша, шын мәнінде олардың саны 200 мыңға жетуі мүмкін. Есірткіге тәуелділерді емдеуден кейін,, психиатриялық диспансердің бақылауында болуды міндеттеу ұсынылды. Ал қазір ол емделушінің өз еркімен немесе сот шешімімен ғана жүзеге асырылады. Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі соңғы 5 жылда есірткі қылмысының 35%-ға артқанын мәлімдеді. Былтыр 3 трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ жойылса, биыл тағы 1 топтың әркетіне тосқауыл қойылды.
Рухани Асқар, Марат Диханбаев