Мамандар шағын емхана жұмысын атқаратын «фельдшер сөмкесін» ұсынды
Елімізде бір өзі шағын емхананың қызметін атқаратын «Фельдшерлік сөмке» жинақталды, деп хабарлайды 24KZ.
Отандық мамандар осындай бірегей мобильдік диагностикалық құрылғыны ұсынып отыр. Шағын сөмкедегі құралдармен тіпті зертхананың жұмысын да жүргізуге болады. Ол үшін ондаған маманның қажеті жоқ. Мейірбикенің өзі басқара алады.
Шалғайдағы ауыл тұрғындары басы ауырып, балтыры сыздаса, аудан орталығына сабылатыны жасырын емес. Түрлі талдаулары мен дәрігердің тексеруін бірнеше күн күтетіндер бар. Ал «Фельдшерлік сөмке» – мұндайда таптырмайтын құрал. Өйткені онда арнайы планшет пен 8 түрлі анализатор бар. Яғни, бірнеше маманның қызметін өзі-ақ атқарады. Жүрек-қан тамырлары ауруларын тексеріп, қан мен зәр анализдерін әп-сәтте шығарып береді. Ал жасанды интеллект арқылы жұмыс жасайтын арнайы планшет орталықта отырған дәрігерге барлық деректі бірден жеткізеді.
Бақытжан Әлімов, телемедицина бөлімінің басшысы:
- Соншалықты көп қаражат жұмсап, ғимарат соққанша, осындай бір-екі «фельдшер сөмкесін» беріп қойса, тіпті сол жұмысты атқарады. Қиын жағдайға тап болған және қауіпті жағдайда тез анықтау керек. Сол кезде бұл – таптырмайтын құрал. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, бұл ақша жағынан өз-өзін тез ақтап алады.
Жоба бүгінде Ұлттық сараптама орталығының тексеруінен өтіп, рұқсатын алған. Талапқа сай. Оны жинақтаған мамандардың айтуынша, бұл арқылы науқас үйден шықпай-ақ, дәрігердің ем-домын ала алады.
Данияр Закирьянов, жоба авторы, дәрігер:
- Мобильді диагностикалық кешеннің мүмкіншілігі зор. Оның көмегімен науқас үйден шықпай-ақ, барлық медициналық көмекті ала алады. Нақтырақ айтқанда, зәр талдауын, электрокардиография, қан сараптамасы сынды тексерістер жүргізуге болады. Яғни, осының барлығын алыстан жинап, емханаға жіберу мүмкін. Бұл – алғашқы медициналық тексерісте таптырмас құрылғы.
Мобильдік диагностикалық кешен онлайн да, офлайн да жұмыс істейді. Құрылғы әзірге пилоттық жоба ретінде 2 ауылда жұмыс істеп тұр. Ондағы мамандар шалғайда жүріп-тұруы қиын адамдарға көп көмегі тигенін айтады.
Батыржан Шажалиев, Ақтоғай аудандық ауруханасының бас дәрігері:
- Жидебай ауылы бізде ауданнан 18-ден 100 км қашықтықта орналасқан. Онда 1200-ден астам адам тұрады. Олжерде жүріп-тұра алмайтын науқастарымыз көп. Дәл осы құрылғымен біз 500-ден астам адамды медициналық көмекпен қамтыдық. Дипансерлік «учетте» тұратындар үшін ыңғайлы. Себебі оларға аудан орталығына келу қиын. Қыста жол жабық болса оңай емес.
Әзірге бұл кешен бізден басқа ТМД елдерінің ешқайсысында жоқ. Ал елімізде сынақ ретінде қолданысқа енгізілген құрылғы дәрігерлер арасында жоғары бағаға ие болып отыр. Жоба иелері: «енді салалық министрліктен рұқсат алсақ», – дейді.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Мерей Талап.