10 млн теңге. Ауылға барған дәрігерге үстемеақы төленеді

Жетісу облысына жұмыс істеуге келген дәрігерлерге 10 млн теңгеге дейін бірреттік ақы төленеді.

Қаражатты оқу орнын жаңадан бітірген жас мамандармен қатар тәжірибелі дәрігерлер де ала алады. Медицина саласындағы кадр тапшылығын жою үшін өңірде арнайы бағдарлама әзірленді. Қазір аймақтағы емдеу мекемелеріне неонатолог, реаниматолог-анестезиолог, акушер-гинеколог сынды 190-ға жуық дәрігер жетіспейді. 

Айдана Маратқызы күн сайын жас босанған аналарға күтім көрсетіп, денсаулығын бақылайды. Акушер-гинекологтың облыстық перинаталды орталықта жұмыс істей бастағанына бес ай болды. Өтініш жазған жас маман көтермеақы алудан үмітті.

Айдана Маратқызы, акушер-гинеколог:

- Бүкіл керекті құжаттың барлығын облыстық денсаулық сақтау басқармасына өткіздім. Қазір қаралу үстінде. Бір айдың ішінде береміз деп айтып жатыр. Мемлекет тарапынан өте үлкен көмек деп ойлаймын. Өйткені бітіріп жатқан мамандардың барлығында үй жоқ. Пайыздық мөлшерін төлеп, үй алуға болады ипотекаға мен соған үміттеніп отырмын.

Перинаталды орталық ұжымы былтырдан бері бес жас маманмен толықты. Қазір онда отыз шақты дәрігер мен орта буын медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Жыл басынан екі мыңнан аса сәби дүниеге келген перзентхананың өзінде кадр тапшылығы бар.

Зейнегүл Рахметова, облыстық Перинаталды орталық директорының орынбасары:

- Бізге әлі 4 акушер-гинеколог, 3 неонатолог дәрігер, 2 реаниматолог-анестезиолог жеткіліксіз. Мамандардың жеткіліксіздігіне байланысты кезекшілік кезінде дәрігерлерге өте көп жүктеме түседі.

Үш жыл бұрын Жетісу облысындағы медицина мекемелеріне 280 дәрігер жетіспейтін. Өткен жылы өңірге 80 маман шақыртылды. Бұл үрдісті биыл да жалғастыру үшін жоба әзірленіп, қомақты қаражат қарастырылған.

Арман Жансеңгіров, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Ауылға барса 10 млн теңге, ал қалаға келсе 5 млн теңге беріледі. Жоспарлануда 60-70 маман шақырамыз. Бұған 595 млн теңге бөлінген.

Еліміздегі медициналық университеттерде облыс әкімінің грантымен 50 студент оқып жатыр. Бірер жылда олар да өңірдегі дәрігерлердің қатарына қосылады. Одан бөлек биыл 30 маманды шетелге жіберіп, білімін арттыру жоспарланып отыр. 

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов, 24.KZ, Жетісу облысы