19 мамыр – ЖИТС құрбандарын еске алу күні
19 мамыр – жұқтырылған иммун тапшылығы синдромынан көз жұмғандарды еске алу күні.
Елордада соңғы 10 жыл ішінде бұл аурудан өлім-жітім екі есе азайған. Биылғы ұран: «махаббат пен ынтымақтастық арқылы бірге есте сақтаймыз, бірге жеңеміз».
Елордалық бұл ару – иммун тапшылығы вирусын жұқтырғандардың бірі. Оны өзі ашық айтады. Тек «баламның болашағына кері әсерін береді» деп есімін айтпауды жөн көрді. Оның аты жаман аурумен ауырғанына 6 жыл болған. Иә бастапқыда күйзеліске түскенін жасырмайды. Тіпті теріс айналған жақындары да болған. «Салым суға кеткен уақытта отбасым қалыпты өмірге оралуыма көп септігін тигізді», – дейді.
Қала тұрғыны:
- 2018 жылы күздігүні бала көтеріліп түскенен кейін «чисткаға» жіберген. Сол кезде 2 аптадан кейін хабарласты. Ол кезде қызыма 9 ай болды. Емізіп жүргенмін. Сол кезде тексерілдік, жолдасым бәрі тексерілді. Үшеуміз де плюс болып шықтық.
Қазақстан иммун тапшылығы вирусы аз таралатын мемлекеттердің қатарына кіреді. Алайды жыл басынан бері елордада былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда дертке шалдыққандардың саны 13 адамға артқан. Дәрігерлердің айтуынша, бұл вирусты сілекей арқылы да анықтауға болады.
Гүлнұр Нұрғожина, инфекционист-дәрігер:
- Аталған инфекцияның айрықша клиникалық белгілері болмайды. Адамның өзі науқас екенін білмеуі де мүмкін. Ол кезде иммунитет төмендеуі, лимфа түйіндерінің үлкеюі, шырышты қабықтар, вирусты саңырауқұлақтардың, бөртпелердің пайда болуы кездеседі. Астана қаласында 1997 жылдан бастап АИТВ инфекциясының 3226 жағдайы тіркелді. Осы ауру жұқтырған адамдардан 305 дені сау сәби дүниеге келді.
Иә мамандар: «ауруға шалдыққан адамдар арасында 2-3 мәрте дүниеге дені сау сәби алып келгендер де бар», – дейді. Алайда қоғамда мұндай жандарды кемсіту, олардан қашқақтау әлі де кездесетін көрінеді.
Мәдина Мәлікова, психолог:
- Бірінші оларға көмек ретінде эмоционалдық қолдау көрсетіледі. Өйткені ВИЧ туралы диагноз қойылған кезде адамда әртүрлі эмоционалды реакциялар болуы мүмкін. Шарасыздық, депрессия, шок, оны қабылдай алмау деген сияқты. Оған байланысты біз оның эмоциясын түсіну арқылы, қадағалау арқылы, оны сабырға шақыру арқылы оның диагнозды рационалды түрде қабылдауына көмектесеміз.
Иммун тапшылығы вирусы бар адам қоғамның басқа мүшелері сияқты қалыпты жұмыс істеп, отбасын құрып, бала сүйе алады. Мамандардың айтуынша, жұқпалы ауру қан арқылы, қорғанбаған жыныстық қатынас кезінде, сондай-ақ жүктілік мерзімінде анадан балаға жұғуы мүмкін. Ал басқа жағдайларда таралмайды.
Авторы: Әлішер Әли.