Алматыда невролог дәрігерлердің форумы өтті

Жыл сайын 50 мыңға жуық қазақстандық инсультке шалдығып, оның 60%-ке жуығы мүгедек болып қалады екен.

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен невролог дәрігерлердің VI халықаралық білім беру форумында айтылды. Елдің барлық аймақтарынан, сондай-ақ алыс-жақын шетелдерден келген невропатологтар, нейрохирургтер, реаниматологтар, жалпы тәжірибелік дәрігерлер зерттеу нәтижелерімен бөлісті. Атап айтқанда, неврологиялық аурулардың алдын алу, емдеу тәсілдері және оңалту мәселелері талқыланды. Мамандардың айтуынша, тұрғындар арасында инсульттен бөлек деменция, Альцгеймер ауруы, Паркинсон ауруы, склероз және эпилепсия жиі кездеседі. Қазір жаңа медициналық технологиялар неврологиялық ауруларды ерте анықтап, сапалы емдеуге мүмкіндік береді. Дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстану да маңызды.

Жанна Қалматаева, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ проректоры:

- Сирек кездесетін ауруларды, инсульт пен аутоиммундық ауруларды емдеу мен алдын алуда арнайы жаңа технологиялар ұсынылатын болады. Ұйқысыздық мәселесі де қазір өте маңызды. Өйткені әлемдегі жағдайдың тұрақсыздығы адамның психосоматикалық жағдайына әсер етеді.

Аида Қондыбаева, Неврология бойынша зерттеу және білім беру орталығының жетекшісі:

- Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша балалар арасында 350 мыңнан астам, ересектерде 460 мыңнан астам адамда жүйке жүйесі аурулары байқалды. Бұған, әрине, цереброваскулярлық аурулар кіреді. Олардың 6,5 мыңға жуығы жүйке жүйесінің басым аурулары, сондай-ақ 80 мыңға жуығы эпилепсиямен байланысты. Бұл – қауіпті көрсеткіш.