Папиллома вирусына қарсы вакцина алу мен егуге 9,7 млрд теңге бөлінді
Үкімет адам папилломасы вирусына қарсы вакцина сатып алуға және Қазақстанда екпе жұмысын жүргізуге 9,7 млрд теңгеден астам қаржы бөлді.
Тиісті қаулыға Премьер-Министр Олжас Бектенов қол қойды. Қаржы аймақтарға үлестіріліп, 351 мыңнан астам вакцина сатып алынады. Адам папилломасы вирусы жатыр мойны обырын туындатады. Жыл сайын әлемде одан 300 мыңға жуық әйел көз жұмады. Қазақстанда жатыр мойны обыры, қатерлі ісіктің таралуы бойынша екінші орында тұр. Жыл сайын республика бойынша 1900-ға жуық жағдай тіркеледі, 600-ден астам әйел осы патологиядан қайтыс болады. Вируспен күресудің жалғыз әдісі – вакцинация дейді мамандар.