Ұлттық комиссия ерте жүктіліктің алдын алу мәселесін қарастырды

Маңғыстау, Түркістан және Ұлытау облыстары ерте жастағы жүктіліктен көш бастап тұр.

Бұл туралы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында айтылды. Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетованың мәліметінше, елдегі жүктіліктің 17 пайызы жасөспірім қыздардың үлесінде. Бұл жеткіншектердің 16,5 жастан бастап жыныстық қатынасқа түсетінін білдіреді. Осы ретте, ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева ерте жүктіліктің алдын алу жолындағы әр өңірде нақты қандай іс-шара, әдіс-тәсіл қолданылып жатқаны жайлы талдау жүргізуді тапсырды. Өйткені, ұлт саулығы мен демография тұрғысынан бұл өте өзекті мәселе, деді ұлттық комиссия төрағасы. Сонымен бірге Қазақстанда бала көтеру жасының ұлғаюы байқалады. Атап айтқанда, 35-тен жоғары жастағы келіншектердің дүниеге сәби әкелу көрсеткіші былтыр 11 пайызға көбейген. Ал 40 жастан асқандардың арасында 14 пайызға өсті. Яғни әрбір аяғы ауыр төртінші әйелдің жасы 35-тен асады. Қазақстанда перинаталдық медициналық жәрдемнің үш деңгейлі жүйесі құрылған. Елде 845 отбасын жоспарлау орталығы жұмыс істейді.