Күзде 11 жастағы қыз балаларды папиллома вирусына қарсы вакциналайды
Қыркүйек айында елімізде 11 жастағы қыз балаларды «Адам папиллома вирусына» қарсы вакциналау басталады.
175 мың оқушыға екпе салу үшін 9 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, 350 мың доза препарат сатып алынды. Өйткені екпе екі кезеңнен тұрады. Биыл Денсаулық сақтау министрлігі аталған вакцина түрін Ұлттық күнтізбеге енгізді. Бұл шара жатыр мойны обырының алдын алудың бірден бір амалы, дейді дәрігерлер.
Папиллома вирусы жұқса, оны 100% емдеп шығу мүмкін емес. Таралу қаупі жоғары кесел симптомсыз жүреді. Көбіне жыныстық жолмен беріледі. Иммунитет нашарласа вирус дертке ұласады. Жатыр мойны қатерлі ісігі дәл осы паппилома вирусынан туындайды. Сол үшін мамандар вакцина алудың өзектілігін айтып отыр.
Гүлжанат Аймағамбетова, акушер-гинеколог, профессор:
- Вакцина алған қыздар келешегінде олар жатыр мойны обырынан профилактика алатын болады. Адам папиллома вирусы ол кеңінен таралған вирус. Барлық популяцияның ішінде 80%-ы өмірде 1 рет болса да адам папиллома вирусын кездестіреді. Оған қарсы ғылыми енгізілген ешқандай дәрі жоқ. Оған қарсы тек қана вакцинация бар.
Дәрігерлердің дабыл қағуына салмақты негіз бар. Статистикаға сүйенсек, елде кейінгі он жылда жатыр мойнының қатерлі ісігі едәуір дендеген. 2022 жылы 1900 әйел обырға шалдықса, былтыр 2000-нан астам науқас анықталды. Жыл сайын 600-ге жуық әйел жатыр мойны ісігінен көз жұмады. Папиллома вирусы ер адамдар үшін де қауіпті.
Гүлжанат Аймағамбетова, акушер-гинеколог, профессор:
- Адам папиллома вирусы еркектерде де көптеген қатерлі ісіктерді қоздырады. Олар бас, тамақ қатерлі ісіктері. Негізі ұлдарға да осындай вакцинация керек. Біздің көрші елдеріміз Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан 2019 жылдан бастап осы вакцинаны өздерінің ұлттық вакцинация календарына енгізген и қыздармен бірге ұлдарды да вакцинациядан өткізді.
Бүгінде жатыр мойны обырына шалдыққандардың негізгі тобы 40 пен 50 жас аралығындағы әйелдер. Кейінгі жылдары кесел жас буынға да қауіп төндіре бастаған. Сондықтан ерте кезден вакциналау маңызды. Мамандар бұл екпенің жанама әсері жоқ екенін айтуда.
Нұршай Әзімбаева, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы:
- Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан осы жоба басталып, осы вакцинацияны енгізу жөнінде шешім қабылданған болатын былтырғы жылы. Бұл вакцина қауіпсіз және өте тиімді. Мысалы адам папилломасы вирусымен ауырып жазылған әйелдерде иммунитет қалыптаспайды. 2,3 рет те қайтадан ауыруы мүмкін. Ал вакцинадан кейін көптеген жылдарға қорғаныш қасиеті түзіліп обыр ауруына шалдығу әрине жойылады.
2013-14 жылдары елімізде бұл вакцинаны 11 мың қыз бала салдырған еді. Қазір олар репродуктивті жасқа жетті. Онкология институты жүргізген зерттеуге сай, екпе алған бойжеткендер арасында отбасын құрып, жүктілік кезеңі келгенде ешбір ауру белгілері анықталмаған. Айта кетерлігі, бүгінде адам папилломасы вирусына қарсы екпе 135 елде қолданылады.
Рухани Асқар, Ерлан Наурызбаев