Биыл Жетісу облысында 60-қа жуық медициналық нысан салынады
Ауқымды жұмыстар «Ауыл медицинасын дамыту» бағдарламасы аясында іске асады.
Өңірдің шалғай елді мекендеріндегі 10 дәрігерлік мекеме қайта қалыпқа келмек.
Мұқыры ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны қалыпқа келтіру жұмыстары мамыр айында басталды. Қазір құрылыс қыза түскен. Барлық жұмысқа 200 миллион теңгеден аса қаржы бөлінген. Қыркүйектің соңына дейін медициналық нысан пайдалануға берілуі тиіс.
Орынғали Қапсаламов, мердігер компания өкілі:
- Осы уақытқа жеткізбей бітіруге тырысамыз. Мұның сыртына келер болсақ, бұл жерде дизельдік генератор болады. Блокты қазандық болады. Ол 100 резервтік дизельмен және газбен қамтиды.
Амбулатория ұжымы уақытша жергілікті мәдениет үйіне орналасқан. Жұмысына еш кедергі жоқ. Тұрғындар медициналық мекеме қайта пайдалануға берілген кезде біраз мәселе шешіледі деп үміттенеді.
Жанерке Назарова, Мұқыры ауылының тұрғыны:
- Ауруханаға жаңадан қондырғылар керек, жабдықтар, мамандар керек. Мамандар тапшы бізде. Бұрын ғимаратымыз ескілеу болған. Қазір жаңартып жатыр. Қуанып жатырмыз.
Ауыл медицинасын дамыту мақсатында Жетісу облысында биыл 10 шақты елді мекеннің дәрігерлік амбулаториясы қайта қалыпқа келтірілуде. Бұған қоса өңірге қарасты 59 ауылда жаңа медициналық нысан салынып жатыр. Енді шалғайдағы жұрт қалаға сабылмайтын болады.
Жаннұр Сырымов, Көксу аудандық ауруханасының бас дәрігері:
- Жалпы ауданды 26 медициналық нысан бар. Оның бүгінгі күнге дейін 50 пайызы толығымен жаңартылған. Биылғы жылға жоспарлап отырғанымыз 2 БМК және ауылдық медицинаны дамыту бойынша 4 фельдшерлік-аккушерлік пункт салу.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы берген мәлімет бойынша, ұлттық жобаны жүзеге асыруға дайындық жұмыстары үшін жарты миллиард теңге бөлінген. «Барлық медициналық нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі», - дейді мамандар.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Гүлнұр Жантасова, Қуаныш Түргенбаев