Басыңыз жиі ауыра ма?
Күннің ыстығында басы айналып, қан қысымы жоғарылайтындар көп.
Мұндай жағдай ерлерге қарағанда әйелдерде 3 есе жиі кездеседі деген тұжырым да бар.
Иә, қарапайым бас ауруының өзін дәрігерлер 5 топқа жіктеп берді. Оның ең ірі әрі ерекшесі осы бас сақинасы ауруы. Адамдардағы бұл жайсыздық көбінесе ішкі күйі мен эмоциясына, жүйке жүйесіне тікелей байланысты дейді невровпатолог Сеңгілбай Шекейұлы.
Сеңгілбай Шекейұлы, невропотолог:
- Біз 99 процент көп жағдайда стресте жүреміз. Егер сен біреуге ренжісең көп уақыт, егер сен кектенсең көп уақыт, ауырып қалам деген қорқыныш болса, өзіңді кінәлі санайтын болсаң, ол миға стресс болып табылады. Стресс гормоны қанға түскеннен кейін, ол қан қысымын көтеруі мүмкін, жүректі қатты соқтыруы мүмкін, бүкіл жерде спазм болуы мүмкін. Содан кейін әртүрлі өзгерістер болады.
Қазіргі заманның ең ерекше ауруы – депрессия, яғни жүйке жүйесінің күйзелісі. Осы күйде үнемі жүріп, ішкі сезімдерін басқара алмаған адамдардың басы жиі ауырады. Ал статистика әйел адамдардың эмоцияға жақын екенін көрсетеді. «Мұндай жерде спазм бар, ауырсыну сезімінің әйелдерде жиі кездесуі де соған байланысты», - дейді Астана медицина университетінің жетекші маманы Жанна Нұрберген.
Жанна Нұрберген, Астана медицина университеті профилактикалық медицина ғылыми зерттеу институтінің жетекші ғылыми маманы:
- Расымен де ер адамдарға қарағанда әйел адамдарда бас ауруы жиі кездесіп жатады. Өйткені әйел адамдар өте көп энергия жоғалтамыз, біз бала дүниеге әкелеміз, көп ресурс жоғалтамыз. Қалыпқа келу үшін босанғаннан кейін 3-4 жыл уақыт кетеді. Реурсты уақытылы толтырмасақ, түрлі дефицитке алып келеді. Ең бірінші себебі сол дефициттер, гормоналды бұзылыстар әйел адам ағзасындағы.
Бас ауруының себебі көп. Ол адамның өмір салты, физиологиялық жағдайы да болуы ықтимал. Сондықтан дәрігерге көрініп, алдымен бұл жайсыздықтың шығу тегін анықтаған жөн дейді мамандар.
Авторлары: Мөлдір Молдағали, Мұрат Әріпханов