Ақтөбе облысында 21 медициналық нысан салынады

Ақтөбе облысында биыл 21 жаңа медициналық нысан қолданысқа беріледі.

Олардың барлығы шалғай жерлердегі дәрігерлік және фельдшерлік пункттер. Бұл ғимараттар «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының аясында салынып, тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Бүгінде өңірдегі бірнеше ауданда құрылыс қарқынды жүріп жатыр.

Мәртөк ауданының Аққайың ауылында бұрын медициналық мекеме ғимараты болмаған. Медбике әлі күнге дейін мәдениет үйінде отырады. Арнайы бөлінген бір бөлмеде ем-дом жасап, скрининг те өткізуге тура келеді. Әсіресе аудан орталығынан бір топ дәрігер келгенде науқастардың барлығын бірдей қабылдауға орын таппай қалады. Медициналық пункттің ашылуын ауылдағы ағайын асыға күтіп жүр. 

Диана Дәуренбек, Аққайың ауылының учаскелік медбикесі:

- Отдельный процедурный кабинет болады. Приемный болады. өте ыңғайлы адамдарға. Больнойларға да ыңғайлы. Келген врачтарға өте ыңғайлы болады. Күтіп отырмыз. 

Елена Блок, Аққайың ауылының тұрғыны:

- Бұл ғимаратты күтіп жүргенімізге біраз болды. Медициналық пункт ашылғаннан кейін медбикеден бөлек дәрігер де келіп қалар деген үмітіміз бар. Себебі ауыл тұрғындарының дені зейнет жасында. Оларға әрдайым аудан орталығына қатынау оңай емес. 

Медициналық пункт күзге дейін қолданысқа берілуі тиіс. Мердігер ауданы 156 шаршы метр болатын ғимаратты тұрғызып қана қоймай, қажетті құрал-жабдықтарын да жеткізіп береді. Бұл мақсатқа бюджеттен 226 млн теңге қаржы бөлінген. 

Арман Жиеналиев, мердігер мекеме өкілі:

- Құрылыс осы мамырдың 21-і басталды. Алла қаласа августың 21-не тапсырылуы керек. Финансирование уақытында болып жатыр. Қазіргі таңда полный инженерный сеть бітті. Ендігі ғимараттың парапеті қаланып бітіп жатыр. Үлкен жүк көліктері кірмейтін жағдайға жеткенде благоустройство жасаймыз.

Денсаулық сақтау саласына тиесілі ғимараттар Алға мен Ырғыз аудандарында да салынып жатыр. Олардың үшеуі фельдшерлік-акушерлік пункт болса, тағы үшеуі дәрігерлік амбулатория. Қалғандары медициналық пункттер.  

Мұратжан Қажығалиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Қаржыландыру 90 пайызы республикалық бюджеттен. 10 пайызы жергілікті бюджеттен қаржыландырылмақ. БАрлық нысандар бойынша сызба-нұсқа жұмыстары және мердігерлер анықталған. Жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қарқынды. Осы жылдың соңына дейін барлық медициналық пункттарды, фельдшерлік-амбулаториялық пункттарды және дәрігерлік амбулаторияларды тапсыру біздің мақсатымыз.

«Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының аясында алдағы жылы үш ауданның ауруханасына қосалқы ғимарат салу жоспарланған. Қазір тиісті жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. 

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов