Астанада обырды емдеудің жаңа әдісі қолданылады

Елде онкологиялық ауруларды емдеудің жаңа технологиялары енгізіліп жатыр.

Астанадағы Ұлттық ғылыми медициналық орталығы микротолқынды абляция әдісін қолға алған.

Операция қалай жасалады және қаншалықты жеңіл?

Дәрігерлердің айтуынша, елімізде диффузды-уытты зоб ауруына шалдығатындардың саны көп кездеседі. Ол қалқанша безінің зақымдалуынан туындайды. Камшат есімді Астана қаласының тұрғыны да өзінің үшінші жүктілігінен кейін қалқанша безінде өзгерістер пайда болып, түрлі ем-шараға жүгінгенін айтады. Қанша қатерсіз болса да қалқанша бездегі тін қолайсыздық тудырған. Алайда елімізде онкологиялық ауруларды емдеудің жаңа технологиялары қолданысқа еніп жатқанын естіп, операция жасатуға бел буғанын айтады. 

Кәмшат Сайын, Астана қаласының тұрғыны:

- Мен негізі осы процедураны күткенмін. Қашан бір жаңа процедура шығады, мен операцияға бармауым керек, мен жаспын, 4 балам бар, өзімді сақтауым керек, органды сақтау керек деп ойладым. Осы проуедура туралы естідім, алдын ала жазылып. Әрине сеніммен келдім.

Иә, елімізде интервенциялық онкорадиология саласы, яғни ем-шараны еш ауырсынусыз, кесу әрекетінсіз, ең бастысы, ағза мүшесін сақтап қалуды көздейтін медицина кең қолданыста. Осы бағытта  түрлі технологиялық әдістер дамып келеді. Соның жаңа әрі бірегейі микротолқынды абляция дейді ұлттық ғылыми медицина орталығының маманЫ

Нияз Малаев, Ұлттық ғылыми медицина орталығының интервенциялық онкорадиологы:

- Бұл әлемдегі жаңа бағыт. Қазір Қазақстанда бұл әдісті қолданысқа енгізген әзірге  біздің орталықтың мамандары ғана. Қазір дәл осы методикамен қалқанша безінің қатерсіз түзілімдерін емдеуде тәжірибеміз аз емес. Дегенмен әлемде микротолқынды абляция техгологиясы кеңінен қолданылады. Тіпті қатерлі ісікті емдеп жатыр. 

Біздің мамандар мұндай технологияның көмегімен қалқанша безі, жатыр миомасы, сүт безін емдеуде жақсы тәжірибеге ие. Алайда заманауи әдісті кеңінен қолдану мақсатында шетелдік мамандарды жиі шақырады. Олар жергілікті дәрігерлерге ота жасаудың қыр-сырын көрсетуге барынша тырысады.

Мөлдір Молдағали, тілші:

- Бұл ота жасайтын бөлме. Дәрігерлер дәл қазір науқастағы зоб түйінін алып тастамақ. Дәлірек айтсақ, микротолқынды абляция технологиясының арқасында ол күйдіріледі және науқаста ешқандай ауырсыну сезімін тудырмайды. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай ем-шара 30-40 минутты алады. 

Ұлттық ғылыми медицина орталығы мамандарының айтуынша, жүрек, қалқанша безі, жатырға жасалатын ашық ота науқастар үшін өте ауыр еді. Одан кейін қалыпқа келу де көп уақытты алады. Ал мына жаңа технология оның барлығын жеңілдетті. Науқастар да ем-шарадан кейін екі сағат ішінде қалыпқа келеді.

Мөлдір Молдағали, Ғалымжан Абдылахат