Қазақстанда пневмония өршіп тұр

Елімізде пневмония ауруы өршіп тұр.

Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті өкілдері осындай ақпарат таратты. Ведомствоның дерегінше, былтырғы жылмен салыстырғанда бұл ауруды жұқтырғандар саны әлдеқайда артқан. Жағдайдың күрделенуіне не себеп?

Биылғы жарты жылдың өзінде ел бойынша 49 704 адамның өкпесі қабынған. Бұл дәрігердің көмегіне жүгініп, ем алғандардың ғана саны. Мамандар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда дерттің 19,2 пайызға артып кеткенін айтады. Себебі де сан түрлі. Әсіресе әлемде әлі де белең алып тұрған омикрон штаммының әсері де бар дейді.

Бақыт Көшерова, ҚР ДСМ бас штаттан тыс инфекционисі:

- Науқастардың 80 пайыздан астамы емді үйден алады, тек 20 пайызы ғана ауруханадан алады. Сол себепті қазіргі пневмония ауыр өтпейді. Уақытында емделу керек. Қазір жаз аяқталып жатыр? Көп адамдар суға түседі, су салқын біріншіден. Кондиционер көп пайдаланады. Сосын көп адамдар арақашықтықты сақтамайды.

Дене қызуының көтерілуі мен күркілдек жөтел көп адамды әбігерге салған. Тіпті өкпесі қабынған кей адамның жөтелі 4-тен 6 аптаға созылуы мүмкін екен. Мұндайда өздігінен ем қабылдамай, дәрігердің көмегіне жүгінген абзал. Себебі тыныс алу жолдарына зақым келуі мүмкін, дейді дәрігерлер.

Назгүл Дайырова, пульмонолог дәрігер:

- Басталғанда мұрын мен тамақ жыбырлауы, кейін дене қызуы көтерілу, жөтелдің күшеюі, жабысқақ қиын шығатын қақырықпен жүруі мүмкін. Балаларда да, ересектерде де ентігу қосылуы мүмкін. Ондай кезде дәрігер кеңесінге жүгінуді ұсынам. Ауыр түрлерінде ентігу, тыныс жетіспеушілік синдромы, ондайда бізде жатқанда ылғалды демалу жүргізіледі.

Өкпенің қабынуы жас таңдамайтын ауру. Сондықтан сақ болған жөн. Әсіресе балалардың күнтізбе бойынша екпесін үзбеу қажет. Аурудың алдын алу үшін мамандардың кеңесіне құлақ ассаңыз болғаны.

Айнұр Қуатқызы, Марат Диханбаев, Мерей Талап