Елімізде биыл 230 адам ауыстырылатын ағзаның жоқтығынан өмірден өтті
Кейінгі жылдары трансплантологиядағы жетістіктердің арқасында беті қайтпас түрлі дертті емдеуге мүмкіндік туды, деп хабарлайды 24kz.
Алайда, осы тұста саланың жолын кес-кестеп тұрған күрмеуі қиын түйткіл бар. Ол – донор жетіспеушілігі. Ал елде ағза ауыстыруға кезекке тұрғандардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Қазірдің өзінде Қазақстанда 4 мыңнан астам адам трансплантацияға мұқтаж. Бірақ жасалып жатқан осындай операциялардың саны саусақпен санарлық.
Қуандық Танабас, тілші:
- Әділхан Жұмабаевтың өмір үшін күресіп жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Бүйрегіне дерт түсіп, аурумен арпалыс басталғалы бері үміт пен күдік, өмір мен өлім арасында жүрдім деп ағынан жарылды. Донор табылмаса, жарық дүниемен қоштасуы бек мүмкін еді. Жолы болып, өткен көктемде ағза табылып, науқастың бүйрегі сәтті ауыстырылды. Көпбалалы әке отбасымен аман-есен қауышқанына қуанышты.
Әділхан Жұмабаев, Астана қаласының тұрғыны:
- Квотаға ілігіп, Беларусьтің Минск қаласында бірінші рет ағзамды, бүйрегімді алмастырып берген. Ота жасап келгеннен кейін жағдайым өте жақсы. Өзім жүріп тұрамын. Есімді жиып, карантиннен өтіп, ақырын жұмысқа шықтым. Көпбалалы отбасымыз...
Әділхан Жұмабаев сияқты арманы орындалып, жақындарымен қауышқан жандардың қатары өте аз. Өйткені ағза донорына сұраныс жыл санап артпаса, азаймай тұр. Бүгінде 4 мыңнан астам адам күту парағына тіркелген. Солардың бірі – Алматы қаласының тұрғыны Гүлнұр Байғожаева. 2014 жылы ол өкпе ауруының сирек түріне ұшырап, қазір тек оттегі концентраты арқылы демалады. Дертінен айығудың бір жолы – донорлық ағзаны транспланттау. Алайда, Гүлнұрдың ағзаны ауыстыру кезегінде тұрғанына 10 жылдан асып барады.
Гүлнұр Байғожаева, ағза ауыстыруға мұқтаж тұрғын:
- Ентікпе пайда бола бастады. Жұмысқа барып, аялдамада тұрсам, бір нәрсе жетіспейтінін сездім. Ауа жетіспейтін сияқты болып, сосын мән бермедім. Қарасам, күшейіп жатыр, салмағымды да тастадым. Содан 2014 жылдан бастап осы ауруға шалдықтым, әрине, маған бірден: «Сізге осы өкпе ауыстыру керек», - деп айтқан жоқ, емделіп көрдік.
Астанадағы дәрігерлердің шешімі бойынша өкпе ауыстыру керек деген барлық зерттеулерден өткеннен кейін осындай шешімге келдік.
Өмір үшін арпалысқа түсетіндердің дені шұғыл бүйрек, бауыр, жүрек немесе өкпе трансплантациясын күтіп жүрген жандар. Ол біреудің әкесі, анасы, енді біреудің көзінің ағы мен қарасындай жалғызы. Алайда, елімізде жыл сайын 300-ден астам қазақстандықтың демі донор тапшылығынан үзілетін көрінеді.
Айдар Сейтқазинов, Транспланттау және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру орталығының директоры:
- Күту парағындағы тізім жылма-жыл ұлғайып келеді. Яғни, ағзаға мұқтаж жандардың саны көбею үстінде. Мәселен, 2023 жылы 326 пациент кезегі жетпей қайтыс болды. Биылғы 8 айда 230 пациент ауыстырылатын ағзаның жоқтығынан өмірден өтті. Биыл бізде 37 потенциалды донор болды. Алайда, олардың 35-і немесе 90%-інің туысқандары ағзаларын алуға қарсылық білдірді.
«Трансплантология» термині халыққа таңсық емес. «Жұрт жақсы білгенімен, мәйіттік донор туралы түсінік толық қалыптасып үлгермеді», - дейді мамандар. Сондықтан бүгінде қоғамда түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізіліп, донорлықтың өзектілігіне қатысты жан-жақты мәлімет берілуде.
Авторы: Қуандық Танабас