Риддердегі көпсалалы аурухананың құрылысы 2025 жылы аяқталады

Риддердегі көпсалалы аурухана келер жылы салынып бітеді. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысына келген Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова айтты. Ол медициналық нысандағы жұмыс барысын көрді.

200 орынға арналған стационар мен бір ауысымда 500 адам қабылдайтын емхананы салу кезінде құрылыс бірнеше түзетулер салдарынан созылып кеткен. Қаржы жетіспеушілігі қолбайлау болып, жұмысы тоқтап қалуға аз қалған. Мәселе түбегейлі шешілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы нәтижесінде қайтарылған активтерден 28 миллиардтан астам теңге бөлінетін болды. Үкімет шешімін риддерліктерге вице-премьер жеткізіп, мердігер компанияға нақты тапсырмалар жүктеді.

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалды, Үкімет мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 28 миллиард қаржыны бөліп отыр. Енді сол объектіні салушылармен кездестік. Ендігі жылдың соңына дейін аяқтау мәселесін қойдық.

Кеншілер қаласында жаңа медициналық нысанның салынуын жергілікті халық көптен күтіп жүр. Шағын шаһарда өндіріс орындары көп. 55 мың адам тұрады. Олар қосымша қаржы бөлінгеніне риза.

Галина Гелдерман, Риддер қаласының тұрғыны:

- Мен осы аурухана құрылысын аяқтауға пәрмен беріп, жағдайды бақылап отырған Мемлекет басшысына ерекше алғысымды жеткізгім келеді. Қаржы мәселесінің шешілгенін естіп, қатты қуандық. Өйткені бұрынғы емхана әбден ескірді. Сондықтан жаңа нысанның қолданысқа берілуін асыға күтіп жүрміз.