Алматы облысында 68 дәрігер жетіспейді
Алматы облысындағы медицина мекемелерінде 68 дәрігер жетіспейді, деп хабарлайды 24KZ. Тапшылықты жою мақсатында жоғары оқу орындарымен келісімшарт жасалып, жас мамандарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Өңірде 3,5 мыңнан астам дәрігер мен 11 мыңға жуық орта буынды медицина қызметкері жұмыс істейді. Ауруханалар мен емханалардағы маман тапшылығын жою мәселесі қалай шешіледі?
Алматы облысындағы медицина мекемелерінде анестезиолог, реаниматолог, акушер-гинеколог пен неанотолог дәрігерлер жетіспейді. Маман тапшылығы әсіресе Қарасай, Іле, Ұйғыр аудандарында қатты байқалады. Аталған түйткілді шешу үшін мемлекет тарапынан жас мамандарға үй жалдап беру, баспанамен қамтамасыз ету, көтермеақы мен материалдық көмек тағайындау мәселелері жан-жақты қарастырылған. Оларға 9 млн теңгеге дейін үстемеақысыз несие беріледі.
Айман Рақышева, Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының директоры:
- Облыс бойынша Кеген, Райымбек, Ұйғыр аудандарында дәрігер жетіспейді. Өйткені жас мамандардың шалғай ауылдарға барғысы келмейді. Көбі қалада қалғанды жөн көреді. Менің ойымша, жастар өзінің еңбек жолын ауылдан бастауы керек.
Облыс бойынша жергілікті бюджет есебінен 164 дәрігер резидентурада оқып жатыр. Биылдың өзінде 53 маман аудандарға жіберілді. Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі мен Қазақстан-Ресей медицина университетімен келісімшарт жасалған.
Арман Жолымбет, дәрігер-невропатолог:
- Неврология мамандығы бойынша резидентурада білім алдым. Қазіргі таңда Қонаев қалалық ауруханасында дәрігер-неврорлог болып жұмыс атқарамын. Негізі қазіргі таңда жас мамандарды қолдауға елімізде үлкен көңіл бөлінген. Соның ішінде Алматы облысы жылына 50 шақты жас маманға резидентурада білім алуға жәрдемдеседі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләйлә Серікбаеваның айтуынша, өңірде медицина мекемелерінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. «Маман тапшылығын шешумен қоса біз тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету мәселесін де ойластыруымыз керек», – дейді ол.
Ләйлә Серікбаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Ауылды жердегі денсаулық сақтау саласын дамыту мақсатында облыста 38 медицина мекемесінің құрылысы жүріп жатыр. Жоба бойынша Қарасай және Еңбекшіқазақ аудандық көпсалалы орталық ауруханасы қайта жаңғыртудан өтеді. Атқарылып жатқан осындай жұмыстар онда жас мамандарды көптеп тартуға оң ықпал етеді деген ойдамын.
Шалғай ауылдардағы ауруханаға жұмысқа орналасқан 54 дәрігерге биыл бір реттік көтермеақы беріліп, жалақыларына үстемеақы қосылды. Алматы облысында жас мамандарды қызметтік және жалға берілетін пәтермен қамтамасыз ету бағдарламасы сәтті жүзеге асып жатыр. Өткен жылы өңірде 22 дәрігер баспаналы болса, биыл 9 медицина қызметкері үйлі болды.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов.