Ақмола облысында дәрігерлік есепте тұрғандарға дәрі-дәрмек алу жеңілдеді
Ақмола облысында дәрігерлік есепте тұрған науқастар үшін дәрі-дәрмек алу жолы жеңілдеді, деп хабарлайды 24kz.
Яғни, «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында тұрғындар арнайы QR код арқылы өзіне қажетті дәрілерді тегін ала алады. Ол үшін тіпті ауруханаға барудың да қажеті жоқ. Барлығы электронды түрде жасалады. Сондай-ақ өңірде медицина саласындағы бірқатар ақпараттық жүйені бірыңғай порталға біріктіру жұмысы қолға алынды.
Абзал Балтабаев, тілші:
- Красный Яр ауылындағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы он бес мыңға жуық адамға қызмет көрсетеді. Соның екі мыңнан астамы емханада тіркелген. Қазір осы науқастардың басым бөлігі «Әлеуметтік әмиян» жобасының жемісін көріп отыр. Басты артықшылығы – енді дәрі алу үшін сағаттап кезекте тұрудың қажеті жоқ.
Сәуле Нұрғалиева, Красный яр ауылының тұрғыны:
- Бұрын дәрің бітіп қалса, дәрігерге келесің. Оған жазыласың. «Ертең, бүрсігүні кел», - дейді. Дәрі жазып береді. Оны дәріханаға барып аласың. Бар ма, жоқ па біреуі болады, біреуі болмайды сөйтіп, кетесің. Қазір енді мұнда келу керек емес. Дәрігерге бару керек емес. Қабылдауға бару керек емес. Өте ыңғайлы.
Мақпал Айтбаева, дәрігер:
- Бізде «Әлеуметтік әмиянның» арқасында барлығы ашық түрде жүзеге асырылады. Қандай дәрі ол кісіге жазылды QR-код арқылы, фармацевтен соны сканерлеу арқылы өзінің дәрісін алып кете алады. Одан бөлек, оған дейін қандай дәрілермен қамтамасыз етілді. Оның бәрін архивтен қарау мүмкіндіктері бар.
Қазір өңірдегі медициналық ұйымдар 20-ға жуық ақпараттық жүйені пайдаланады. Көбінің бір-бірімен байланысы жоқ. Сондықтан барлық платформаларды бірыңғай порталға біріктіру маңызды.
Нұрлан Ахылбеков, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Енді біздің порталда бірыңғай ақпараттық жүйе болады. Онда кез келген науқас «E-Densaulyq» қосымшасын жүктей отырып, өзінің мәртебесін, отбасының мәртебесін, қандай дәрі-дәрмек пен медициналық көмек алғанын, қай дәрігердің қабылдауда болғанын көре алады. Бұл өте тиімді жоба болады деп ойлаймын.
Мұндай шаралар аймақтағы медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартып, тұрғындардың алаңсыз ем қабылдауына мүмкіндік береді.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный