Қазақстанда 83 000 жасөспірім қыз адам папилломасы вирусына қарсы егілді
Жатыр мойны ісігін тудыратын адам папилломасы вирусына қарсы екпенің басталғанына 2 ай өтті, деп хабарлайды 24KZ. Денсаулық сақтау өкілдерінің айтуынша, вакцинацияның бірінші кезеңі әлі жалғасып жатыр.
Салалық министрлік вакцинаның 350 мың дозасы сатып алынғаны жайлы хабарлаған еді. Осы уақытқа дейін жасөспірім қыздардың қаншасы егілді? Екпеден кейінгі оқушылардың жағдайы қалай және вакцинацияның келесі кезеңі қашан?
Қатерлі ісік ауруларының ішінде екпенің көмегімен алдын алуға болатын жалғыз дерт – осы адам папилломасы вирусы тудыратын жатыр мойны ісігі. Оның тиімділігіне көптеген ел көз жеткізді. Сондықтан бізде де вакцинация биылғы қыркүйектен бастау алған.
Әйгерім Советхан, «Шипагер» денсаулық сақтау ұйымының дәрігері:
- Қыркүйектен бастап біз жаңа оқу жылында осы мектептерде түсіндіру жұмыстары ата-аналарға, педагогтерге және қыздарға жүргізілді. Контингент 11-13 жастағы қыздарға саламыз.
Денсаулық министрлігінің мәліметі бойынша 2 айда 83 мыңнан астам бала егілді. Оның 47 мыңы 11 жастағы қыздар болса, қалған 36 мыңы – 12-13 жастағы қыздар. Оқушылардың көбі екпені мектеп қабырғасында алып жатыр.
Әйгерім Советхан, «Шипагер» денсаулық сақтау ұйымының педиатр-дәрігері:
- Осы мектеп бойынша бізде 100-ден астам қыз балаға вакцинация салынды. Келісім бермегендер өте көп. Бірақ біз күн сайын келісім бергендерге салып, жасап жатырмыз әлі күнге дейін. Көбінесе оқушылар мектептен алып жатыр. 90%-тен астамы тек мектептен алып жатыр.
Вакцинация екі кезеңнен тұрады. Екпенің бірінші дозасын алған оқушылар 6 айдан соң қайта салдырады. Мектеп дәрігері мен медбикенің айтуынша, вакцина салу кезінде барлық талап мен ереже тиісті деңгейде сақталады.
Анжелика Коржук, №85 мектеп-лицейінің медбикесі:
- Қазір вакцинацияның бірінші кезеңі жүріп жатыр. Вакцина АҚШ-та өндірілген. 4 валентті. Дозасы 1 адамға ғана арналған. Арнайы қорапта, шприцпен бірге жүреді. Оны балалардың көзінше ашып, кейін ішіндегі нұсқаулығымен өздеріне қайтарып береміз. Ата-аналар осы вирус туралы ақпарат алуы үшін шағын буклет те қосамыз. Негізі вакцинацияға ата-аналардың да қатысуын құп көреміз.
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес осы уақытқа дейін вакцинаның кері әсері байқалмаған. Жыл басында әкелінген екпе дозалары әзірге жеткілікті. Қажет болған жағдайда келесі жылы қосымша сатып алынуы мүмкін.
Авторлары: Мөлдір Молдағали, Ержан Рахманбердиев.