«Аңсаған сәби» бойынша он мың әйел ана атанды
Елде 15 мыңнан астам әйел мен 5 мыңға жуық ер адам бедеулік бойынша есепке алынған.
Дәрігерлер репродуктивті денсаулығынан кінәрат табылғандар саны азаймай тұрғанын айтады. Бедеулік дерті жас отбасылар арасында да анықтала бастаған. Біздің тілшілеріміз мәселенің мән-жайын мамандардан сұрап білген еді, материалдан көрейік.
Бедеулік бойынша есепке тұрғандардың 30%-ына Экстракорпоральді ұрықтандыру әдісін қолдану қажет. Яғни, онсыз жүкті болу мүмкін емес. Қалған жағдайларда ерлі-зайыптыға гормоналдық немесе хирургиялық ем-шара қолданылады. Репродуктологтар кейінгі жылдары бала сүйе алмай, шарасыздықтан көмекке жүгінетіндер саны артқанын айтты.
Алмагүл Ахметова, қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығының вице-президенті:
- Репродуктивті денсаулықтың нашарлауы жастарда да кездесіп жатқаны алаңдатады. 2000 жылы дүниеге келген ерлі-зайыптылар бедеулік мәселесімен бізге жүгініп жатады. Бұрын орташа жас 35 еді және екінші рет бала көтере алмау жағдайлары анықталатын. Ерлер мен әйелдердің арасында бедеуліктің үлесі 50 де 50. Яғни 50 пайыз ер адам немесе 50 пайыз әйелде кездеседі.
Маргарита Горбаченко тұңғышын босанғаннан кейін, екінші рет ана атану сәтін 10 жылдан аса күткен. 32 жастағы келіншек емнің ешбірі нәтиже бермеген соң, эко жасатуға бел шешкен. 1 жылдың ішінде квота бөлініп, эмбриондар ойдағыдай жетілді. Биыл міне егіз кестетігері Василиса мен Александраны бауырына алды.
Маргарита Горбаченко, қала тұрғыны:
- Көптен бері жоспарлай бастадық, дәрігерлердің нұсқауы бойынша түрлі тексеруден өттік. Лапороскопиялық терең зерттеу жасағаннан кейін, менің денсаулығымнан дерт анықталды. Операция жасап, экстракорпоральды ұрықтандыруға келдік. Эмбриондар алдымен түтікшеде болып, кейін ағзама орналастырылды. Бүгінге дейін бұл мен үшін ғажайып секілді.
Бақылау көрсеткендей, қазір ағзада гормоналдық ауытқулар мен түрлі инфекция жиі кездеседі. Дәрігерлер адамның өмір сүру салты, психологиялық күйі мен артық салмақ – бедеулікке әкелетін негізгі антропогендік факторлар, дейді. Егер ерлі-зайыпты жүктілікті 1 жарым жылдан аса күтсе, уақыт жоғалтпай дәрігерге жүгінгені жөн.
Дана Досалиева, репродуктивті медицина институтының дәрігер-репродуктологы:
- 80% Егер бізде түтіктің жабылып қалуы болса әйел адамда, 20%-тей ерлердің бедеулігі болады. Біздің уролог-андрологтарымыз олармен өте белсенді жұмыс істеп, егерде емге келіп жатса микротеза деген операция жасалады. Қазіргі кезде біздің ер адамдардың шәуеті яғни спермограмма дейміз ғой нәтижесі бұрынға қарағанда өте төмендеп кеткен. Мүмкін сотовый связь ба сол әсер етеме екен, экологияның әсері ма екен бірақ бұрынғымен салыстырған кезде жас еркек адамдардың шәуетінің көрсеткіштері анағұрлым төмендеп кеткен.
Әйелдің аналық жасушалары жарамды болса, ЭКО-ны 49 жасқа дейін жасауға мүмкіндік бар. Елде жыл сайын 17 мыңға жуық экстракорпоральді ұрықтандыру әдісі жүзеге асады. Мемлекет тарапынан квота 2010 жылдан бері бөлініп келеді. 2021 жылдан бастап "Аңсаған сәби" бағдарламасы аясында квота саны 7 мыңға жетті. 27 мың эко жасалып, 10 мың әйел бала көтерді. «Аңсаған сәби» бағдарламасын іске асыруға 20 отандық клиника атсалысып келеді.
Алмагүл Ахметова, Қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығының вице-президенті:
- Тең жартысына жуығында шығынды мемлекет өтейді. Бұл үлкен серпіліс. Орталық Азия кеңістігінде Қазақстан көшбасшы саналады. Бізде бедеулікті емдеу үшін көп мөлшерде квота бөлінеді. Экстракорпоральді ұрықтандыру - Денсаулық сақтау министрлігі бекітіп, ұсынған медициналық ем-шара, бедеулікті жеңудің бір жолы.
Қазақстанда келер жылы репродуктивті технологияның пайда болғанына 30 жыл толады. Алғашқы эко 1995 жылы жасалып, көптен күткен сәби дүниеге келген. Дәрігерлер бұны әр отбасының бала сүюіне жәрдемдесетін маңызды әрі ауқымды жоба екенін айтты.
Рухани Абдрахман, Әлия Садықова, Ербол Дайыров