ШҚО ардагерлері медициналық орталыққа зәру

Шығыс Қазақстан облысының депутаттары мен қоғам белсенділері екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлері мен оларға теңестірілген адамдарға қызмет көрсететін медициналық орталық ашуды ұсынды, деп хабарлайды 24KZ. Қазір осы санатқа кіретін қариялар арнайы әлеуметтік көмекті тек Астана мен Алматы қалаларынан алып жүр. Алайда ол тым алыс. Сондықтан бастамашы топ Денсаулық сақтау министрлігіне, сенаторлар мен жергілікті билік өкілдеріне тиісті өтінім жолдады.

Өскеменде екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген адамдар 2018 жылға дейін медициналық көмекті бөлек бөлімшеде алатын. Алайда еліміздің денсаулық сақтау саласы бірыңғай ұлттық форматқа ауысқаннан кейін орталық жабылып қалды. Енді басы ауырып, балтыры сыздаған қариялар Алматы мен Астана қалаларына жөнелтіледі. Бұл ретте қалалық №4 аурухананың бас дәрігері Сергей Попов оның қайта ашылуын ұсынады.

Сергей Попов, қалалық №4 аурухананың бас дәрігері:

- Профильдік бөлімшелерде бір-ақ ауру емделеді. Ал клиникалық бөлімшелер ардагерлерді бастан-аяқ тексереді. Алайда олар Алматы мен Астана қалаларында ғана бар. Сондықтан осындай орталықты жергілікті жерде де ашу керек.

Астана мен Алматы қалаларындағы орталыққа 4 мыңнан аса шығысқазақстандық жөнелтіледі. Ол соғысқа немесе Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан адамдар. Солардың бірі – қоғам белсендісі Олег Чернышов. Чернобыльді көрген оның ауру-сырқауы өте көп.

Олег Чернышов, қоғам белсендісі:

- Менің үш созылмалы ауруым бар. Дәрігерлерге жазылу арасы өте ұзақ. Оның өзінде терапевтке қаралып шығуға 15-ақ минут беріледі. Өте ыңғайсыз.

Шығыс Қазақстан облысында екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 13 ардагер қалды. Дені 100-ден асты. Олар сапалы медициналық қызметке зәру. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жергілікті өкілі Серік Мизанбеков бұл мәселені республикалық деңгейде көтеріп жатыр. Қазір ол қоғам белсенділерінің бастамасын тиісті органдарға жолдады.  

Серік Мизанбеков, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ШҚО бойынша өкілі:

- Облыс әкімі бұл бастаманы қолдап, «Емханаға қаржы қарастырылады», – деді. Сондықтан мен бұл мәселе оң шешімін табады деп ойлаймын.

Бұдан бөлек, Президент Жеңістің 80 жылдығын атап өтуді ерекше бақылауға алуды тапсырған болатын. Қазір ардагерлерге қолжетімді медициналық көмектен басқа ештеңе де керек емес.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин.