Ардагер металлург самбодан әлем чемпионы атанды

Жезқазғандық ардагер металлург Максим Әлиасқаров самбодан әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды 24KZ. 40 жыл қара жұмыста шыңдалған ол зейнетке шыққан соң спортқа бет бұрды. Ардагер спортшылар арасында Қазақстанның және Азияның бірнеше дүркін чемпионы атанды. Ал қазан айында Душанбеде өткен әлемдік додада топ жарды. Қазір ол өзін үлгі тұтқан жас буынға білгенін үйретіп, шәкірт тәрбиелеп жүр.

Максим Әлиасқаров – Қарсақбайдың тумасы. Металлургтер әулетінде өскен ол спортқа жаны жақын болса да, әке жолын жалғады. 40 жылдан астам уақыт мыс зауыты мен байыту фабрикасында еңбек етті. Дегенмен «әлем чемпионы болсам» деген арманның жетігімен жүріп, спорттан қол үзбеді. Зейнетке шыққалы самбо күресімен кәсіби түрде шұғылдана бастады. Ардагер металлург қазір күнделікті уақытының кемінде 4 сағатын күрес залында өткізеді. 

Максим Әлиасқаров, самбодан спорт шеберлері арасында әлем чемпионы:

- Қазір енді жастар маған қарап: «Нешедесіз?», – деп сұрайды. Осындайдамын десем, бастарын шайқайды. Қасымда жүрген балалардың барлығы жастар. Мен өзі жастармен араласқанды жақсы көремін. Жаттығуларды да жастармен жасаймын. Айтам, үйретем. Сұрайды менен, білгенімді айтам. Білмегенімді солардан сұраймын,  әртүрлі мамандар бар ғой.

Максим Әлиасқаров 2021 жылы ел біріншілігін ұтты. Былтыр Азия чемпионы атанды. Қазан айында Душанбеде өткен әлемдік додада Ресейлік балуандарды жеңді.

Араға 60 жыл салып арманына жеткен ардагер: «Мұнымен тоқтап қалмаймын», – дейді. Бүгінде спорт оның күнделікті өмір салтына айналған.

Максим Әлиасқаров, самбодан спорт шеберлері арасында әлем чемпионы:

- Спортсыз менің өмірім жоқ, шынына келгенде. Спорттың арқасы осындай жетістікке жетіп жатқаным. Жұрт танып, біліп жатыр. Жастарға да айтарым, шама келгенше спортқа, өнерге жақын болу керек. «Ештен кеш жақсы» деген мақал бар ғой қазақта. Әрқашан да адам өзі ниеттенсе дегеніне жетеді.

Мейірімхан Ералиев, ардагер спортшы:

- Негізі спорт жасқа қарамайды. 70 болсын, бұдан да үлкен кісілер де спортпен айналысып жүр. Басқа спорттан да, доп ойнау болсын, теннис болсын, мынау гір тасын көтеру болсын, алдына адам салмайды бұл жігіт. Жасы жетпіске таяп қалса да жастарға үлгі болып жүр.

Максим Әлиасқаров самбодан бөлек, спорттың бірнеше түрімен шұғылданады. Жаттығудан бос уақытта жас балуандарға күрестің қыр-сырын үйретіп, шеберлік сабағын өткізеді.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев.