Қостанай облысында 25 медициналық нысан салынады

Жыл аяғына дейін Қостанай облысында жаңадан салынған 25 денсаулық сақтау мекемесі қолданысқа беріледі, деп хабарлайды 24KZ. Соның бірі Әулиекөл ауданындағы Көктал елді мекенінде бой көтерді. Бұл ауылда бұрың-сонды басыбайлы медициналық қызмет көрсететін жеке ғимарат болмаған. Сондықтан фельдшерлік-акушерлік пунктің ашылар сәтін жергілікті тұрғындар асыға күтіп жүр.

Әулиекөл ауданының Көктал ауылындағы медициналық пункт әкімдіктің бір бөлмесінде орналасқан. Жағдайы жұпыны, жабдықталуы жұтаң денсаулық сақтау мекемесінің жай-күйі талапқа сай деуге келмейді.

Ержігіт Тасболатов, Көктал ауылының тұрғыны:

- Ескі ғимарат қой бұрыннан келе жатқан. Әкімдіктің ішінде болған соң тарлау. Ыңғайсыздық тудырады. Әрине, мына жерге сыймайды ғой. Талапқа сай келмейді.

Көкталдағы медициналық пункте екі медбике жұмыс істейді. Оның бірі – осы жердің тумасы Айжан Ислямова. Колледж бітірісмен қалада қалмай, кіндік кескен мекеніне оралғанды жөн көрген жас маман ауыл медицинасының болашағына зор үмітпен қарайды.

Айжан Ислямова, медбике:

-Мұнда, әрине, қиындықтар бар. Медициналық пункт салынып жатыр ғой. Соған қуанамыз, әрине. Ең бастысы сол деп ойлаймын. Кең әрі ыңғайлы. Келіп, өзінің процедураларын алуына барлық адамға ыңғайлы деп ойлаймын.

Жаңа фельдшерлік-акушерлік пунктің құрылысы биыл мамыр айында  басталды. Бұл нысан «Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту» ұлттық бағдарламасы аясында салынып жатыр. Жалпы құны 250 миллион тенге. Жыл аяғына дейін тапсырамыз деп отыр.

Марат Таипов, Көктал ауылының әкімі:           

- Қазіргі таңда ішкі жұмыстары аяқталып жатыр. Құрал-жабдықтары дайын тұр. Мынау енді үлкен ғимарат бүкіл керекті құрал-жабдықтар болғаннан кейін соның бәрі осында қаралып, емделіп, жүреді деп ойлаймын.

Облыс басшылары ұлттық бағдарлама аясында салынып жатқан ауылдық денсаулық сақтау нысандары жыл аяғына дейін толық тапсырлады деп сендірді.

Берік Таңжарықов, облыс әкімінің орынбасары:

- Екі жылдың ішінде 2023-2024 жылдары ішінде 25 ауылдық фельдшерлік-акушерлік пункт салынып жатыр. Оның бесеуі бітті. 19-ы қазіргі таңда бітіп жатыр. Жылдың аяғына дейін толығымен бітіп, салынады. Келесі жылдың басынан бастап, ауылды мекенде тұратын азаматтар қолдана алады.

Келер жылы Арқалық өңірлік және Жітіқара аудандық ауруханасын жаңғыртып, жарақтандыру жоспарланып отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.