Өмірге құштар өршіл өрен

Түркістан облысы Бәйдібек ауданының тумасы Нышанғали Рахман «қолым жоқ» деп қарап отырған жоқ.

Екі аяқтың көмегімен сурет салып, жазу жазады. Спорттың бірнеше түрімен шұғылданады.

Компьютерді де жақсы меңгерген. Зеректігімен жұртты тәнті еткен студент болашақта сәулет өнерін зерттеп, архитектор болуды армандайды.

Нышанғали Рахманға екі қолының жоқтығы еш кедергі емес. Барлық істі аяқпен жасауға машықтанған. Ұялы телефонды да аяғының башпайларымен пайдалана береді. Тіпті, ойын ойнап, жазу да қиынға соқпайтынын айтады. Компьютермен жұмыс істеп, сурет салғанды ұнатады. 

Нышанғали Рахман, студент:

- Сурет салу менің хоббиім. Шабытым ашылған кезде отырып сала беремін. Негізінен анимация кейіпкерлерін, мультфильм кейіпкерлерін салғанды жақсы көремін. Өзіме ұнайды. Шаршаған кезде осы өзім қалаған, өзім ұнатқан суретті салсам, жаным демалып, рахат болып қалады. Өлең тыңдап отырып салып, ойланып, ешкім кедергі жасамайды.

Көп балалы отбасында тәрбиеленген Нышанғали 19 жаста. Қазір Кентау қаласындағы арнаулы колледждің 2-курсында оқиды. Өзі сияқты тағдырлас қыз-жігіттермен оператор мамандығын меңгеріп жүр. Ортасына сыйлы, курстас достарының арасында абырой-беделі биік. Барлығы оны мақтан тұтады. 

Әсем Ешмахан, студент:

- Өте белсенді азамат. Досқа адал, қандай адам болсаңда ол қабылдай алады. Сонысына мен таңқаламын. Ол бассейнде жүзеді, футбол ойнайды және садақ ату жарысында «ең үздік садақшы» атын ұтып алған болатын. Аяғымен садақ атады. Сенбі жексенбі, күндері бізде дискотека болады. Ол бізде ди-джей. 

Ұстаздарының айтуынша, Нышанғали қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады. Колледжде жүріп үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ ойнағанда қарсылас шақ келтірмейді. Үздіктердің қатарында көпке үлгі болған жігерлі жігіттің болашағынан барлығы үміт күтеді. 

Дәулет Мырзахметов, Нышанғали Рахманның ұстазы:

- Нышанғали «менің қолым жоқ екен» деп балалардан шеттеп, бөлініп тұрған жері жоқ. Бұл жердің өзінің ұраны бар. «Барлығымыз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» деп, барлығы бір-біріне түсіністікпен қарайды. Біздің барлық іс-шараларымыздың суреттері, жобалары, макеттерінің барлығы осы баланың қолынан шығады.

Зерек бала қазір сәулет өнерінің қыр-сырын меңгеріп жүр. Болашақта архитектор болуды армандайды. 

Нышанғали Рахман, студент:

- Ән айтамын, жарыстарға қатысамыз. Жақында Дәулет ағамен «Екі жұлдыз» байқауына қатыстым, осы Кентауда. Бас жүлде иегері болдық ол кезде телевизор ұтып алдым. Болашақта архитектор мамандығына түскім келеді. Үйлердің сызбасын сызып дегендей, жобалар дайындап. Арман сол - сәулетші болу. 

Нышанғали өнерден де құралақан емес. Ән айтқанды ұнатады.

Жанымнан менің жырақтамашы,

                             Ұнап қаласың.

                Қолыңды созшы жүрегім,

                Тағдырға неге сыр ақтарасың,

                            жылап қаласың.

                Жылап қаласың, білемін!

 Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш