Қызылорда облысында 3 медициналық нысан пайдалануға берілді

Қызылорда облысы, Шиелі ауданының Тартоғай және Алмалы елді мекенінде дәрігерлік амбулатория қолданысқа берілді, деп хабарлайды 24kz.

Ал Жаңақорған ауданының Төменарық ауылында емхана мен 15 төсек орынға шақталған аурухана іске қосылды. Медициналық нысандардың салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты.

Шиелі ауданындағы Тартоғай ауылында екі жарым мыңға жуық тұрғын бар. Бұрынғы дәрігерлік амбулатория ғимараты тозып тұрған еді. Бұл мәселе «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында шешімін тапты. 

Қадиша Айтмамбетова, Тартоғай ауылының тұрғыны:

- Біраз уақыттан бері айтылып жүрген, осындай жаңа емхана керек деп. 2-3 жылда осындай салынады деп айтылып жүрген. Күтіп жүргенбіз ғой. Енді іске асып жатыр.

Дәл осындай дәрігерлік амбулатория Алмалы елді мекенінде де іске қосылды. Енді ауыл тұрғындары зартханалық тексерістен өту үшін аудан орталығына сабылмайды.

Ақерке Сейілбекова, дәрігер:

- Қазіргі халықтың сұранысына ие электрофарез, массаж, ЛФК деген сияқты жаңа заманауи құрылғылар орнатылуда. Яғни, осының барлығы халыққа қолжетімді мақсатта орнатты.

Олжас Ысқақов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Бұл барлығы осы ауыл тұрғындарына, медициналық көмектің қалалық деңгейге дейін жеткізу. Медициналық көмекке қалаға дейін бару қажеттілігін азайту.

Жаңақорған ауданындағы Төменарық елді мекенінің тұрғындары да ем-дом алу үшін аудан, қала орталықтарына бармайды. Мұнда дәрігерлік амбулаториясы бар 15 төсек орынға арналған аурухана қолданысқа берілді. Өңірде биыл 11 медициналық нысанды іске қосу жоспарланған. Бұл жоба жүзеге асқаннан кейін облыстағы барлық ауылдық дәрігерлік амбулатория ғимараты жаңарады.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев