Шалғай ауылдарға 285 медициналық нысан салынды

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен былтыр ел аумағында 285 стационарлы медициналық нысан тұрғызылды.

Игі бағдарлама нәтижесінде шағын елдімекендердегі көкейкесті проблема өзектілігін жойды. Шалғайдағы ауыл тұрғындарына көрсетілетін ем-дом сапасы жақсарды.

БҚО-нда былтыр 24 емдеу мекемесі бой көтерді. Соның біреуі Базартөбе ауылында ашылды. Енді жергілікті тұрғындар Жайықтан пароммен немесе қалқымалы көпір арқылы өтіп аудан орталығына сабылмайтын болды.  Өздерінің амбулаториясында сырқат сырын анықтап, сапалы ем қабылдайды. 

Қадырбек Қарағұл, Базартөбе ауылының тұрғыны:

- Заманауи типтік жобада салынған емхана бұрынғымен салыстыруға болмайды әрине. Ескі ғимаратта болды, келгенде қараңғы. Мында бөлмесі жап-жарық, әрі жылы. Келген адамға сондай қуаныш сыйлап тұрады. 

Алмагүл Ахметова, дәрігер:

- Осындай нысан бой көтеруі ауыл халқының өмір сүру деңгейін жақсартып сапалы медициналық көмек алуға зор көмегін тигізеді деп сенеміз. Зерттеу-талдау жасауға, скринингтен сапалы өткізуге. 

СҚО-ның Кондратовка аулында бұрын емдеу мекемесі болмаған. Дәрігерлер науқастарды элеватор мен темір жол ғимаратындағы аядай бөлмесінде  қабылдайтын. Елдімекендегі ең өзекті мәселе бірер ай бұрын шешілді. 133 млн теңгеге жаңа медициналық пункт салынды. Өткен жылы аймақта осындай 38 нысан пайдалануға берілді.

Нұрболат Иманжанов, денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Олардың бәрі заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Қарағанды облысында да медициналық мекеме салу ісі қарқынды. Өткен жылы 41 нысан тұрғызылды. Мемлекеттік бағдарламаның игілігін Қарақұдық ауылында тұратын 600-ден аса адам сезіне бастады. Себебі осыған дейін оларға алғашқы жәрдем ғана көрсетілсе, жаңа фельдшерлік-акушерлік пункте ұсынылатын қызмет түрлері көп.

Роза Қарашина, Қарақұдық ауылының тұрғыны:

- Бізге жақсы болды, қолайлы. Ішіндегі барлық медаспаптары жақсы. Анализді осы жерге тапсырамыз. Бүрынғыдай Бұқар жырауға шапқыламайтын болдық.

Айсана Елубаева, акушер:

- Ашылмай тұрып медпункт ескі ғимаратта болған. Сол жерде кісілерді қабылдадық. Ол жерде тозып біткен құралдар болды. Ол жерде от жағылды. Бөлмелері тар, кішкене кірлеу болды. 

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы осы жылы да жалғасады. Аталған бағдарламамен биыл 270-тен аса емдеу мекемесін салып, ел игілігіне беру жоспарланып отыр.

Шыңғыс Қалиден, Айгүл Ғазизулина