Зағип жандарға ақпараттың қолжетімділігін жеңілдететін заң мақұлданды
Көру қабілеті нашар азаматтарға бұдан былай ақпарат қолжетімді бола түспек.
Бүгін Сенат зағип жандарға арналған жаңа заңды мақұлдады. Құжат авторлық құқықтарға қатысты ұлттық заңнаманы Марракеш шартына сәйкестендіруді қарастырады. Айта кетейік, Марракеш шарты 2013 жыл Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының дипломатиялық конференциясында қабылданған. Онда зағиптар үшін әдеби және көркем шығармаларға қолжетімділігін жеңілдету, сондай-ақ кедергілерді жою көзделген. Яғни нашар көретін жандар кітап, журналдар мен оқу құралдарына барлық азаматтар сияқты еркін қол жеткізе алуға тиіс.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кұқықтарын қорғау және оларға тең мүмкіндіктер қалыптастыру – әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Осы ретте, қаралған шарттың ережелері көру қабілеті бұзылған адамдардың әдеби және көркем туындыларға қолжетімділігін арттыруды көздейді. Атап айтқанда, келісім аясында тараптар арасында қолжетімді форматтағы даналармен алмасу және оларды импорттау тетіктері қарастырылды. Мақұлданған заң елімізде инклюзивті орта қалыптастыруға оң үлесін қосады деп сенеміз.