Елімізде «Гамма-пышақ» қондырғысымен ем алғандар қатары көбейіп келеді

Елімізде сәулелі емнің шипасын көргендердің қатары артып келеді.

Соңғы 4 жылда 1500-нан аса қазақстандық «Гамма-пышақ» қондырғысымен ем алып үлгерген. Науқастардың дертінен айығып, аяққа тұруына ұлттық нейрохирургия орталығындағы жаңа технология мүмкіндік беріп отыр.

Гамма-пышақ – отандық медицинадағы озық аппараттың бірегейі. Артықшылығы - адам ағзасына ешбір тілік салмай мидағы ісікті емдейді. Сырқатты сәуле арқылы сылып түседі. Бұған дейін дәрігерлер ота жасау үшін сағаттап уақыт кетіріп, адамға ұйықтататын дәрі егіп жататын. Ендігі жерде жаңа технология мамандар жұмысын да жеңілдетіп отыр. Ғаламат құрылғы балаға да, ересектерге де қолданылады. 

Нұрзат Сығай, дәрігер-нейрохирург:

- Ең кішісі бізде 6 жастағы бала болды және де 80-нен асқан науқастар да болды. Яғни жас аралықтарына шектеу жоқ. Бұл жерде жаңағы йондаушы сәулелердің қайнар көзі тұр. Және де 192 түтікше. Олардың айырмашылығы өз алдына түтікшелер арқылы келетін сәуле науқас үшін қауіпсіз. 

Жаңа аппараттың еміне үміт артып келгендердің бірі Раиль Минигулов. Елордалық азаматтың басында ісік бары жуырда анықталыпты. Томографиялық тексеруден өтіп, қажетті сынамаларды тапсырып қойды. Ендігі емі гамма-пышақта. Дертінен айығып, аяққа тұрып кетуіне ұлттық нейрохирургия орталығы барын салып отыр.

Раиль Минигулов, қала тұрғыны:

- Басында сол жақта ісік бар деп айтты. Қазір барлық қажетті талдауларды тапсырып шықтым. Бәрі тегін міндетті әлеуметтік медициналық  сақтандыру арқылы қызмет алып жатырмын. Гамма-пышақ арқылы емдеуге болатынын білдім. Енді дәрігердің қабылдауына барамын. Сауығып, тезірек үйге қайтамын деген үміттемін.

Гамма-пышақ технологиясы отандық медицина үшін үлкен ілгері адым саналады. Нейрохирургиядағы озық үлгі арқылы бүгінде 1500-нан аса отандасымыздың операциясы сәтті жасалды. Қатарында қатерлі ісіктен емделгендері де бар. Аппарат көмегімен орындалған операциялардың ең қысқасы 14 минут, ұзағы кемінде 9 сағатқа созылады. Салада «алтын стандарт» саналатын жаңа құрылғы Орталық Азия елдері ішінде әзірге Қазақстанда ғана қолданылады.

Камшат Мұхамеджан, Ғалымжан Әбділахат