Қызылордада алғаш рет бауыр трансплантациясы жасалды
10 жыл бойы бауыр циррозына шалдыққан 40 жастағы келіншекке туысы бауырының бір бөлігін берді.
Күрделі операцияны жасаған білікті мамандар тобына белгілі, хирург транс-плантолог Болатбек Бай-маханов жетекшелік етті. 10 сағатқа созылған операция сәтті өтті.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Білікті дәрігерлер бауыр ауыстыру операциясына кірісіп кетті. Біз қазір осы операция бөлмесінің дәл кіреберіс алдында тұрмыз. Донор ретінде 32 жастағы туысы бауырының бір бөлігін беруге келіскен. Операция күрделі болғандықтан, бірнеше сағатқа созылады,-дейді мамандар.
Операцияны Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының бас дәрігері профессор Болатбек Баймаханов бастаған дәрігерлер тобы мен қызылордалық мамандар бірлесіп жасады. «Бауыр трансплантациясы – әлемдегі ең күрделі операция. болып табылады. Иненің жасуындай тамырларды жалғауға тура келеді. Дегенмен, мамандардың ұзақ жылғы тәжіребиесінің арқасында донор бауырының 65 пайызы науқасқа салынды. Он сағатқа созылған операция сәтті өтті»,-деп бағалады мамандар.
Болатбек Баймаханов, А.Н.Сызғанов атындағы ҰХҒО бас дәрігері:
- Жалпы донордың, ең қиын операция донор ғой, донорға жасаған осы жергілікті дәрігерлер. Баймаханов Жасұлан өзі жасады донорға, бауырды алу мәселесі. Мұндай операция жасап жүрген бұрын. Сондықтан бізге ешқандай проблема жоқ, біз тек жалғастыру, рецепиент этапында көмектестік. Жалпы негізгі этапты өздері жасады.
Облыстық көпбейінді ауруханаға соңғы екі жылда құны 2 жарым миллиард теңге болатын заманауи диагностикалық, хирургиялық құрылғылар сатып алынған. Мамандардың айтуынша, аймақта жыл сайын бүйрек, бауыры ауыратын жандар қатары көбейіп келеді. Сондықтан жергілікті жерде ағза трансплантациясын жасау аса маңызды.
Олжас Ысқақов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- 2023 жылы үш бүйрек ауыстыру отасын жасасақ, 2024 жылы осы жердегі мамандарымыз 6 бүйрек ауыстыру отасын жасады. Биыл 2025 жылдың басында осы бауыр ауыстыру отасы жасалды. Енді біздің көпбейінді аурухана толық, трансплантация жасайтын орталықтардың бірі деп тануға болады. Тиісті құрал-жабдықтары бар, мамандары даярланған.
Бүгінде бауыр трансплантациясы тек Алматы мен Астанадағы орталықта жасалады. Енді осы қатарға Қызылорда облысы қосылды. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының мәліметі бойынша елімізде бауыр ауыстыруды қажет ететін екі мыңдай науқас бар. Оның 76-сы қызылордалық. Аймақ медицинасын дамыту арқылы – айтулы мәселені шешуге жол ашыла түседі,-деп есептейді мамандар.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев