ШҚО-да дәрігерлер науқасты ауыр техникамен тасымалдады
Шығыс Қазақстан облысындағы Алтай ауданында қар қалыңдап, қатынас қиындады.
Тіпті демалыс күндері дәрігерлер қала шетінде тұратын науқасқа көлікпен жете алмай қалды. Ақыры өкпесі қабынған 62 жастағы әйелдің үйіне жаяу барып, оны ашық жолға дейін жүк тиегіш техниканың күрегішіне жатқызып тасымалдауға мәжбүр болған. Алтайда төрт күн бойы толассыз қар жауып, қалыңдығы кей жерде 1 метрден асты. Ауа райы талай жолаушыны жолдан қалдырды. Өскемен-Шемонайха, Өскемен-Самар, Өскемен-Үлкен Нарын-Қатонқарағай бағыттары бірнеше рет жабылды. Бір жақта ат құлағы көрінбейтін боран болса, тау арасында қар көшкіні жүрді.
Марина Лискова, ТЖД баспасөз хатшысы:
- Жақында екі бірдей көшкін жүрді. Екеуі де Ұлан ауданында, Өскемен-Самар тас жолында тіркелді. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Жол қызметінің техникаcы келіп, трассаны қардан тазартып шықты. Қазір көшкіннің алдын алу шаралары жиі жүргізіліп жатыр.