Тегін операция: отандық онкологтар қатерлі ісікті жеңуге көмектесіп жатыр

Жыл сайын әлемде және біздің елде де онкологиялық ауруларға шалдығу деректері көбейіп барады. Дәрігерлер осылай дейді. Оған себеп – халықтың орташа өмір сүру жасының ұлғаюы, сондай-ақ диагностикалау мүмкіндіктерінің артуы. Елімізде қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға ем-дом мемлекет кепілдік берген медициналық көмек аясында тегін жасалады. Былтыр 1 млн науқас осындай көмек алды. Ал нәтижесі қандай?

Науқас – 60 жастағы ер адам. Былтыр өкпеден қатерлі ісік анықталған. Дәрігерлер: «4-ші саты», – дейді. Онкологиялық дерт бойынша есепке алынып, химиялық емнің бірнеше курсы тағайындалған. Енді бүгін операция күні. Қатерлі ісікті алып тастау бойынша осындай бірегей операция елімізде былтырдан бері ғана жасалып келеді. Бұл үшінші ота. Бұған дейінгі екі науқас дертінен айыққан.

Операция кемінде 7 сағатқа созылады. Себебі науқастың өміріне араша түсуге хирург-онкологпен қатар анестезиолог, кардиохорургтар қатысады.

Нұртас Қалибеков, Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың хирург-онкологы:

- Бұл науқастар операциядан кейін 2-3 күн жансақтау бөлімінде болады. Қалпына келгеннен кейін палатаға ауыстырамыз. Палатада 10-15 күндей болады. Әрі қарай тағы да химияға барады, кейін 3 ай сайын бізде тексеріліп қаралып тұрады. Бақылауда болады, қандай да бір өзгерістер болса, біз қарап тұрамыз.

Елімізде онкологиялық дертке шалдыққандарға операция тегін жасалады. Яғни мемлекет тарапынан өтелетін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі санатына енген. Оның ішіне дәрігерлердің бақылауы, медициналық тексерулер, ем-шара, сәулелік терапия, операция – осының барлығы кіреді.

Талғат Өскенбаев, ҰҒОО көпбейінді хирургия орталығының меңгерушісі:

- Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың дәрігерлері жыл сайын 7 мың науқасқа операция жасайды. Соның 50-60%-і – онкологиялық науқастар. Барлығы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында жүзеге асады. Сонымен қатар қатерсіз ісіктерге, қатерлі қаупі бар ісіктерге операциялар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында жасалады.

Өкпенің қатерлі ісігі әлем елдері үшін өзекті проблемаға айналған. Қазақстанда барлық онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім арасында осы дерт 1-ші орын алады. Сол себепті де мемлекет тарапынан тегін көмек қатарына кіріп отыр. Елде жыл сайын 3,5 мың адамның өкпесі қабынып, 2 мыңнан астамы көз жұмады. Дәрігерлер: «Олардың 90%-і – темекіге әуестенгендер», – дейді. Сосын денсаулыққа қауіпті жұмыс істейтіндер тәуекелді топқа жатады.

Ал бұл Людмила Омарова. Дертіне дауа іздеп, аурухана жағалағанына екі жылға жуықтаған. «Денсаулықтың қадірін ауырғанда білесің», – дейді. Айықпастай көрінген кеселдің беті қайтып, қазір дәрігерлерге алғысын жаудырып отыр.

Людмила Омарова, емделуші:

- Екібастұзда таба алмай қойды анализді. Содан Астанаға келіп, кистология тапсырып, «торакальныйда» жаттым. Содан мені әрең дегенде аман алып қалды. Бірінші Алла, екінші міндетті түрде Бейбіт Амантаевич Мұсабековті айту керек. Сондай дәрігерлер көбірек болса ғой.

Елордадағы көпсалалы медицина орталығы бұрынғы онкологиялық орталықтың негізінде құрылған. Былтыр бұнда түрлі қатерлі ісікті алу үшін 5,5 мың операция жасалды. Науқастар еліміздің барлық аймағынан жолдамамен келіп, ақысыз қаралады. Кейінгі 10 жылда сүт безінің обыры да жиілеген. 

Мұхтар Төлеутаев, көпсалалы медицина орталығының директоры:

- Былтырдан бері 2-ші орынға тоқ ішек пен тік ішектің сырқаты шықты, 3-ші орында өкпенің обыры, 4-ші орында асқазан обыры, 5-ші орында жатыр мойнының обыры. 8 ота жасайтын бөлме бар, 18 төсекке арналған қарқынды терапия бөлімшесі отадан кейінгі адамдарды қалыптастыруға арналған. 4 бағыттағы хирургиялық бөлімшелер бар. Оның ішінде бас пен мойын ісіктеріне арналған бөлімше ол Қазақстанда бүгінгі күнде екі-ақ бөлімше бар. Алматыда және бізде.

Обырды емдеудің үш жолы бар. Хирургиялық операция, химиялық және сәулелі терапия. Орталыққа былтыр америкалық жаңа құрылғы сатып алынды. Енді шағын ісікті аса дәлдікпен анықтап, нысаналы емдеу әдістері қолжетімді бола түсті.

Мақсат Хасенов, көпсалалы медицина орталығының радиолог дәрігері:

- Truebeam желілік жылдамдатқышы – біздің жаңа аппарат. «Қазақстан халқына» қоры тарту етті. Стереотаксикалық сәулелі терапия өткізуге арналған. Қысқа уақытта түрлі қатерлі ісікке қарсы тиімділігі жоғары ем жүргізе аламыз. Болашақта осы жерде күніне 70 пациентке дейін қабылдауымызға болады. Емдеу кезінде аппарат науқастың тыныс алуын бақылауға алып, рентген түсірілімін жасап, сәулелендіру көлемімен салыстырып отырады. Яғни бұрынғыға қарағанда дәлдігі анағұрлым жоғары.

Осылайша, былтыр мемлекет кепілдік берген көлем шеңберінде 1 млн пациент медициналық көмекті тегін алды. Стационарлық деңгейде 928 мың операция жасалды. Биыл салаға бөлінген қаражат артып, 3 млрд теңгеге жуықтады. Оның ішінде тегін медициналық көмекке 1,6 млрд теңге, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға 1,3 млрд теңге қарастырылған.

Авторлары: Рухани Әбдірахман, Ержан Рахманбердиев.