Алматыда донорлар бір жылда 15 мың литрден астам қан тапсырды

Алматылық донорлар бір жылда 15 мың литрден аса қан тапсырған.

Игі іске үлес қоссам дейтін жастардың саны артып келеді. Донорлардың 50 пайызы 35 жасқа дейінгі азаматтар екен. Сонымен қатар тұрақты түрде айына екі рет қан тапсыратын қала тұрғындарының қатары да көбейіп келеді.

Алматылық Арман Боханов 13 жылдан бері тұрақты түрде қан тапсырып келеді. Соңғы бес жылда орталыққа келіп 50 литр қан берген. Өзгенің өмірін құтқару үшін бастаған әрекеті әдетке айналған. Қазір жылына 24 рет қан тромбоцитін тапсырып тұрады. Ол науқастарға көмектесу арқылы өзімнің де денсаулығымды бақылаймын, дейді. 

Арман Боханов, донор:

- Бір науқас ауырып, соған қатты қан керек болып қалды. Өйткені ол жансақтауда болды және көп қан тапсыруға сұраныс болған соң біз бардық. Одан кейін оның басқа адамға көмегі бар екенін, осындай жағдайларға реанимацияға түсіп қалған кезде қатты көмектесетінін біліп, содан кейін тапсырып жүрмін. 

Қалалық қан орталығына күніне орта есеппен 100 адам келеді. Оның 30 пайызға жуығы денсаулығына байланысты донор бола алмайды екен. Қалған 70 пайыз адамның қаны екі деңгейлі зертханалық сараптама мен тазартудан кейін ауруханаларға жіберіледі. Орталық Алматыдағы 22  мемлекеттік аурухана мен 5 жекеменшік емхананы қамтамасыз етіп отырады.

Жандос Нәдіров, қалалық қан орталығының директоры:

- Донор болу үшін тәртіп болады. Ол ішімдік ішпеуі керек, басқа да өз-өзінің денсаулығына қарау керек, сол кезде ол донорларға стимул болады. Бізге тұрақты донор болғысы келеді. Олар ақша үшін емес өздері келіп, азаматтық борышын атқаруға ондайлар да көп қазір.  

Елімізде тек 18 жастан асқандар ғана ерікті түрде донор бола алады. Қалада соңғы жылдары жылжымалы қан тапсыру әдісі кең қолданылып келеді. Алматы облысынан да келіп сауапты іске үлесс қоссам дейтіндер де көп.  

Аршын Кемелжан, тілші:

- Менде бүгіннен бастап Алматының донорлары тізіміне қосылдым. Қан тапсыру өзгенің өмірін құтқарып қалумен ғана шектелмейді. Қан тапсырушының денсаулығына да пайдалы әсерлері бар. Одан бөлек қан тапсырған адам өзінің жұмыс орнынан заңды түрде бір күн еңбек демалысын ала алады.  

Нақтырақ айтсақ, донор эритроцит пен плазма компонентін екі айда бір рет қана тапсыра алады. Яғни жылына 6 күн демалыс алуға құқылы. Ал қан тромбоцитін айына екі рет тапсыруға болады. Сондықтан тұрақты донорлар жылына 24 күн артық демалады. Ол үшін қан орталығы берген анықтаманы жұмыс орнына өткізу керек.

Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев