Қазақстанда жатырішілік операция жасала бастады

Елде «Феталды медицина» жобасы іске қосылды, деп хабарлайды 24KZ. Ол ұрықтың дамуындағы ақауды түзеп, мүгедектің алдын алуға мүмкіндік береді. Бүгінге дейін дәрігерлер 20 жатырішілік операция жасады. Алматы мен Астанада басталған жоба енді ел аумағында жалғасады.

Анығында, әйелдер жүктіліктің 10-шы аптасына дейін есепке тұруы қажет. 12-ші аптада тиісті сараптамалардан өтеді. Бұл үшін «Бір күндік клиникалар» жобасы қолға алынған.

Мағрипа Ембергенова, ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры:

- Әйелдер ұсынылған сараптамаларды міндетті түрде өту керек. Ол баланың дамуында ақау бар ма? Болса, онымен қалай жұмыс істейміз? Ақауды дамытпаудың жолы қандай? Осының бәрін зерделейміз. Балада Даун синдромы болуы мүмкін екені анықталса, арнайы генетикалық орталықтарға зерттеуге жібереміз. Тәуекел жоғары болса, жүктілікті тоқтатуға тура келеді. Өйткені бұл синдром жетіле берсе, баланың ақыл-ойы тежеледі, өмір сүруі қиындайды. Барлық тұрғын осыны жақсы түсіну керек.

Оған қоса, елімізде «Феталды медицина» жобасы жүзе асып жатыр. Дәрігерлер жатырішілік операция жасау арқылы ұрықтың ерте патологиялық ақауын түзеп, емдейді.

Гүлмира Мағзұмова, UMC корпоративтік қоры «Феталды медицина» бөлімінің меңгерушісі:

- Елімізде ұрықтың даму ақаулары көбейіп келеді. Әртүрлі сипатта. Әсіресе егіздердің денсаулығында кінәрат болуы мүмкін. Сол себепті жатырішілік хирургияны енгізіп жатырмыз. Емнің келесі кезеңдерін де жоспарлауға көштік. Бастапқы кезеңдерде біз егіздермен, ауыр жүктілікпен және зәр шығару жүйесінің ақауларымен жұмыс істейміз.

Өкінішке қарай, іштегі баланың дамуындағы ақаулық түрленіп келеді. Оған экологиялық ахуал ғана емес, жүктілікке салғырт қараудың да салдары әсер етеді.

Мағрипа Ембергенова, ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры:

- Қандай қауіп түрі болса да, әр анаға жеке-жеке сақтандыру амалын ұсынамыз. Мәселен, ауыр жүктілік, соматикалық ауытқулар болса, оларды көпбейінді стационарға жатқызамыз. Ол жерде жүрек, бүйрек, қан аурулары сияқты ішкі ағза емделеді. Республика деңгейіндегі клиникаларымыз да бар. Қазір Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы мен кардиоорталық бірге жұмыс істеп жатыр. Олар ананың да, баланың да өмірін сақтап қалуға күш салады. Ең бастысы уақытылы емделген әйелге сәбиін дүниеге әкелуге рұқсат беріледі. Кейін ол балаға өмірге келе сала ақауынан арылту бойынша операция жасалады. Бұл 15 жылдан бергі айтулы жетістігіміз.

Елде ТМД аумағында жоқ зерттеу орталықтары, мульти жабдықталған медициналық ұйымдар желісі бар. Неонаталды блоктардағы білікті мамандар 500 грамдық шақалақты да жетілдіруге қауқарлы. Атқарылған жұмыс нәтижесінде елде бір жасқа толмаған балалардың өлімі 3 есе төмендеді.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Артур Горшняков, Ғалымжан Абдылахат.