Күрделі операциялар МӘМС арқылы тегін жасалады

Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі күрделі операцияларға шамамен 180 млрд теңге бөлінген, деп хабарлайды 24kz.

Мәселен 2020 жылы жоғары технологиялар қолданылатын операцияларға берілген қаражат 14 млрд теңгені құраса, былтыр 83,5 млрд теңгеге жетті. Былтырдың өзінде МӘМС шеңберінде 400 млрд теңгеден астам сомаға бір млн-нан аса операция жасалған. Ең күрделі деген отаға қанша қаражат бөлінді?

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен күрделі операциялардың бәрі тегін жасалады. Мәселен, өткен жылы құны 21 085 161 теңгеден асатын 2 өкпе алмастыру операциясы жасалған. Мәйіт донорынан 3 бүйрек алмастырылды. Оның құны 10 258 134 теңгеден асады. Сондай-ақ тағы бір мәйіт донорынан 1 бауыр алмастыру операциясы өткізілді. Ал бұл отаның құны 9,5 млн теңгеден асады. Сонымен қатар қолқа мен өкпеге 2 күрделі ота жасалды.

Елімізде миға пышақсыз операциялар жасалып жатыр. Ұлттық нейрохирургия орталығындағы дәрігерлердің жоғары радиоактивті сәулелермен ем жасауға мүмкіндігі бар. Мәселен гамма-пышақ деп аталатын қондырғымен соңғы 4 жылда 1500-ден аса қазақстандық ем алды. Нейрохирургтер мидағы қатерсіз ісікті әп-сәтте сылып тастайтынын айтады. Осы отандық медицинадағы озық аппараттың игілігін көргендердің – бірі елордалық Раиль Минигулов. Басында ісік бары жақында ғана анықталыпты. Уақыт созбай оған гамма пышақ сәулесімен операция жасалды.

Раиль Минигулов, қала тұрғыны:

- Басында сол жақта ісік бар деп айтты. Қазір барлық қажетті талдауларды тапсырып шықтым. Бәрі тегін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы қызмет алып жатырмын. Гамма-пышақ арқылы емдеуге болатынын білдім.

Жалпы жыл сайын 5 мыңнан астам адам осы орталықтағы дәрігерлердің көмегіне жүгінеді. Олардың 95%-і міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен тегін ем қабылдайды. Соңғы уақытта дертіне дауа іздеп алыс-жақын шет елден келетіндер көбейген. Себебі мұндағы операция құны оларға Еуропамен салыстырғанда едәуір арзанға түседі. Салыстырмалы түрде айтсақ, Германияда миға жасалатын операция 100 мың доллардан асады. Ал біздегі құны шетелдіктер үшін 20 мың доллар. Ал өз отандастарымызға мұндай операциялардың бәрі МӘМС арқылы тегін.

Асылбек Калиев, Ұлттық нейрохирургия орталығы басқарма төрағасының орынбасары:

- Мына күрделі операцияларды айтсақ, орталықта 90%-тен астам операциялар күрделі 4-5 катергорияларға жатады. Ол мына бас-ми тамырларына жасалынатын операциялар, бас ми ісігі болса, омыртқа, жұлынға сондай операциялар ең күрделі операцияға жатады. Енді біздің орталықта ең қымбат операциялар 6, 8, 9 млн-ға дейін барады теңгемен. МӘМС жүйесінде болған науқастарға, яғни, олар ақшаны төлемейді. МӘМС жүйесі арқылы бәрі жасалынады. Енді шетелмен салыстырсақ 50, 60, 100 мың долларға дейін барады дәл осындай операция, сапасы ешқандай кем емес.

Сондай-ақ елде жыл сайын 38 мыңға жуық адам омыртқа ауруларына шалдығады. Елордадағы травматология және ортопедия ұлттық ғылыми орталығының мамандары осылай дейді. Дәрігерлердің айтуынша, омыртқаға жасалатын операциялар да жас-кәріге бірдей міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесі арқылы тегін жасалады. Сонымен қатар қосымша оңалту шаралары да дәл осы әдіспен қаржыландырылады.

Забира Оразалиева, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми өкілі:

- МӘМС аясында болсын, бөлініп жатқан қаражат жылдан жылға өсіп отырды. Егер алғашқы 2020 жылы жанадан МӘМС жүйесін енгізген кездегі қаражаттың көлемі 500 млдр-қа жететін болса. 500-ге жетпеген ол кезде 300 млрд болған. Ал қазіргі таңда жылма-жыл көбейіп, 1 трлн-ға жуық қаражат бөлініп жатыр МӘМС аясында. Жылм-жыл 200-100-150 млрд сомадан қосылып отырды. Қазіргі таңда 1 трлн-ға жақындап қалды. МӘМС аясында ғана бөлінетін қаражат. Және оған кепілдендірілген тегін көмек бар ол жылда бөлінетін 1 трлн-ды құрайтын сома.

МӘМС қаржысына жасалатын күрделі операциялар қатары кең. Ми, жүрек қантамырлары ауруларын емдеумен қоса, тізе мен жамбас буындарын эндопротездеу, көз ауруларын емдеуге мүмкіндік бар. Соған сәйкес, медициналық мекемелер де жыл сайын озық технологияларды енгізіп жатыр.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Нұрсұлу Өмірхан, Асхат Қарақойшиев, Мерей Талап