Қызылордалықтар күкірт қышқылын сақтайтын қойма құрылысын тоқтатпақ
Қызылорда облысында күкірт қышқылы қоймасы салынып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Көлемі 6 мың текше метр болатын нысан Шиелі кентінде пайда болады. Бірақ тұрғындар: «Жобаның экономикалық пайдасы болғанымен, экологияға зияны шаш етектен», – деп отыр.
Шиелі кентіне жақын жерден күкірт қышқылын сақтайтын қойманың салынуына жергілікті тұрғындар қарсы. Олар адам денсаулығына қауіп төнеді деп алаңдайды. Алайда осындай наразылықтарға қарамастан компания құрылыс жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Қазір қойма құрылысының басым бөлігі аяқталған. «Салынып жатқан нысан мен тұрғынжайдың арасы 500 метрге де жетпейді. Бұл санитарлық талаптарға сай емес», – дейді медицина саласының ардагері Болат Күлімбет.
Болат Күлімбет, Шиелі кентінің тұрғыны:
- 6 цистерна тұр. Әр цистернасы мың куб метр. Сонда 6 мың куб күкірт қышқылын сақтайын деп отыр. Ал Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2022 жылғы 11 қаңтардағы бұйрығының 13-ші бөлігі, 51-ші тармағының 2-ші тармақшасында мың кубтан асатын күкірт қышқылының қоймасы елді мекеннің шетінен кемінде мың метр болу керек деген. Ал бұл аралық аудандық құрылыс мамандарының есептеуі бойынша арасы 420 метр.
Тұрғындар күкірт қышқылының қоршаған орта мен адам денсаулығына зияны аз емес. Сондықтан қойма құрылысын тоқтату қажет деп санайды.
Ғани Есімов, Шиелі кентінің тұрғыны:
- Қоршауын жасаған кезде келіп едік, қазір қарасаңыздар, зауыт қабылдауға дайын болып тұр. Шиелі киелі деген мекен едік, осы мекенімізді апаттық аймаққа айналдырып келе жатырмыз.
Аудан әкімдігі кәсіпкердің құжаты тиісті талаптарға сай келмегенін анықтаған. Осыған орай сотқа арыз берген.
Айтбай Жандарбеков, Шиелі ауданының әкімі:
- Құжаттары дұрыс болмауына байланысты сотқа жүгінгенбіз. Сол жерде, сотта қаралу үстінде. Бір-екі рет сотта қайтып келген, біз құжаттарымызды дұрыстап, қайтадан бердік. Бұл жерде жобамен танысқанбыз, кенттің шығыс аймағында орналасқан, бұл сәуір айында кәсіпкерден сатып алған жерлер, кәсіпкерлік мақсатта. Оның барлығы – Үкіметтің қаулысы, заңға сәйкес жұмыс жасалынады.
Алмас Ысқақов, облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары:
- Құзырлы органдардан толықтай қарастырылады ғой бұл. Соған бізге ұсыным беріледі. Біз де өз тарапымыздан қазір талдау жүргізіп, прокуратураға хат жазып, ұсыным алдырып, тиісті шарасын көреміз.
Кент тұрғындары: «Наразылығымызды ескеріп, құзырлы органдар оң шешім шығарады», – деп үміттенеді.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.